Көпшілікке қол күрестен алты дүркін әлем чемпионы ретінде таныс Жұмахан Күзбаевтың кәсіпкерліктен де топ жарғанын екінің бірі біле бермейді. Әскерден келген соң теміржолшы, көлік жүргізушісі, құрылысшы болып қызмет атқарды. Теміржолшы бола тұрып қолынан ауыр балғалар түспеген. Бұл оның қайраты мен жігерін қайрай түскені анық.
Тәуелсіздік алған тұста құр жалақыға отбасының барлық керек-жарағына қаражат жеткіліксіз екенін түсінді. Әйелі болса бала тәрбиесімен үйде отырды. Жұмахан Жұмағұлұлы бір кәсіп бастап, қосымша табыс табу көзін қарастыру керектігін айтады. Барлығы: «Қазіргі қиын-қыстау кезеңде қандай кәсіп? Осы күнімізге тәубе етейік», – деген ойларымен бөліскен. Бірақ кейіпкеріміз соған қарамастан, азын-аулақ қолында барымен шанасын сүйреп, пойызбен Алматыға тартып кеткен.
“Қыс мезгілі. Қалтамда көк тиын да жоқ. Бірдеңесі болар, «Жұмахан, сенің қолыңнан келеді. Әлі-ақ бәрі жақсы болып кетеді. Тек барлығына осыны дәлелдесең болды» деп өз-өзімді сендіріп келемін. Шананы сүйрей пойызға отырып, бажам екеуміз Алматының базарына бардық. Ол жерден ұзақ жүріп, қалтам көтереді-ау деген кеспені сатып алдым. Содан шананын сүйрей Кировке келдім. Қазіргідей жексенбілік базар сияқты болатын сол кезде де. Базарда тұрып әлгі әкелген жәшік кеспемді саттым. 2-3 сом болсын үстінен ақша көрдім. Оны ұстамай, тағы да солай келесі жолы бірдеңені әкеліп саттым. Сөйтіп жүріп үстінен түскен ақша 10 сом болды. Техникалық дүкеннен барып «видик» сатып алдым. Үйге барған соң оны балаларыма сыйладым. Өйткені, ұлдарым оны көптен бері сұрап жүрген еді. Саудадан да ақша табуға болатынын түсінген келіншегім маған қосылды. Осылай не кәсіп бастасақ екен деп ақылдасып, жоспар құра бастадық”, – деген Жұмахан Күзбаев ештеңеге қарамай, тәуекел еткенін айтады.
Иә, енді үй ішінде жалғыз отағасы емес, отанасы мен балалары да кәсіпке өз үлесін қоса бастады. Алдымен олар нан әкеліп, бидай сатып көрді. Оны алатын ақшалары да жоқ. Бірақ төккен тер мен адал еңбектен нәпақа табатынына деген сенім бар. Сөйтіп не керек, Жұмахан ағаны ауылда барлығы таниды. Ауыл-ауылдан бидай жинап, оны диірменге апарып ұн жасатады. Жасалған ұнның жартысын сатса, қалғанынан нан пісіреді. Айта кетерлігі, бастаған кәсібіне қаржылай көмек те алған.
Бұл сол кездегі адамдардың мейірімділі ғой. Қазір біреуге барып қарызға бидай берші, 1-2 айдан соң қайтарамын деп көрші. Сені танымай кетуі мүмкін. Ол кезде жиған-терген ақшамыз жоқ. Айлық болса, азық-түліктен артылмайды. Содан қыстың суығына қарамай, шанамен тасимыз барлығын. Жазда қоларбамен итеріп жүріп тасимыз. Сөйтіп жүріп кішкентай ғана дүңгіршек аштық. Ол жерде нан, ұн сатамыз. Екі ұлымды қамап кетеміз. Қатира екеуіміз болсақ, базарға барып, кәуәп (шашлык), чебуреки сатамыз, – деген кейіпкеріміз басынан өткерген қиын-қыстау кезеңдерімен бөлісті. Даусынан сол күндерге деген сағыныш, көзінен мұң байқалады.
«Қазір бәрі бар. Бірақ бір-бірімізге деген мейірімділік жоқ. Адамдардың өзгеден бөлек, өзіне деген сенім жоқ», – деген ол бір күрсініп әңгімесін әрі қарай жалғастырды. Иә кейіпкеріміз базарда кәуәпта сатты. Ал сол кәуәпті түнімен дайындап, таңғы 4-тен тұрып отынды шанаға тиеп, базарға кететін. Дүңгіршек жабылып қалмасын деп демалыс күндері балаларын сол жерге сыртынан құлыптап кетеді екен.
Тіпті мангалдың отыны зая кетпесін дейміз. Есіл еңбек қой ол дегенің. Барлығымыз таңнан тұрып, соның қамына кірісеміз. Ұйқыны да ойламаймыз. Мен түнімен шашлыкты дайындаймын. Әйелім нан ашытып, чебуректің фаршын жасайды. Ұлдар да көмектеседі. Содан ана мангалға мен шашлык пісіремін, отқа Қатира болса чебуректерді пісіреді, – деген ол чебурекке фарш дайындау үшін көршісінен бір қойдың сан етін қарызға сұрап алғандығын айтып, бір күліп алды. Бір саннан бір қой, одан 2 қой жасаған екен.
Жұмыс та, жарық та, азық-түлік те бірде бар, бірде жоқ уақыт. Дүкен сөрелерінде іліп аларлық ештеңе жоқ. Кейбірі жабылып жатты. Маңдай терін төгіп, артық 50-60 мың қаражат жинаған. Оның өзінде оңды-солды шашпай, аса қажеттілікті ғана алып отырып, тиыннан теңге құрады. Кей кездері қымбат киім, керек емес деген нәрсені сатып алғысы да келген. Бірақ өздерін тыйған.
Бір күні әйелім екеуміз әңгімелесіп отырып ананы, мынаны алайық деп ойша әлгі ақшаны жұмсап жатырмыз. Өзіме қой, тоқта деп белгі бере қойдым. Қатираға да жаймен: «100 мыңға жеткенше тұра тұрайық, осы ақшаны айналымға жіберейік», – дедім. Ол да ойлана келе келісті. Айналымға қаражат санын көбейткен өзімізге де ұнап, азартқа беріліп кеттік. Бір күні енді мен әйеліме бірдеңе алайық десем, ол: «Миллионнан асырайық» деп маған тоқтау болды.
Темірдей тәртіптен бөлек, отбасылық қолдаудың арқасында 2000 жылдары үлкен сауда орталығын салды. Бастапқыда 20 адамды жұмыспен қамтамасыз етті. Қазіргі таңда бұл сан 100-ден асып жығылады.
Жағдай жақсарып, дұрысталды-ау дегенде Жұмахан ағаның басына тағы да сынақ түседі. 2018 жылы Жаңа жылға 10 күн қалғанда «Жандос» сауда орталығы өртеніп кетеді. Жалға алып, саудамен нәпақасын тауып отырған саудагерлер де, Жұмахан Жұмағұлұлы да стрессті бастан өткереді.
Талай жылғы еңбегіміздің өртке оранғанын көргенде не істерімді білмей қалдым. Барлығы бітті деп ойладым. Еселенген еңбек бекер кетті-ау. Шок алғаным сонша 1 күн бойы жатып қалдым. Қатты күйзеліске ұшырадым. «Қой, Жұмахан, тұр. Бұлай жата бергенің болмайды», – деп бар ерік-жігерімді жинадым. Бірлескен жұмыстың нәтижесінде 7 күн ішінде ғимаратты қалпына келтірдік, – деген ол барлық саудагерлердің 1 жыл бойы ақы төлемей, сауда жасауына рұқсат берген.
«Адал еңбек қана адамның басын алып жүреді», – деп балаларына айтып отыратын ол жақсы күндердің әлі алда екеніне сенеді. Себебі, былтыр ғана жұмысын бастаған «Салтанат сарайы» мейрамханасының жұмысы бүгінде тоқтап тұр. Бұдан да қиын заманды басынан өткерген Жұмахан ағамыз: «Бастысы – денсаулық пен ахуалдың тұрақтылығы», – дейді.
P.S: Бүгінде ойына алған ісін бастамай жатып тастап кететіндер қаншама?! Әдетте адамдар қателік жіберуден қорыққандықтан, тәуекелге бармайды. Қатесіз табысқа жеткен адамды көрдіңіз бе? Қателіктер арқылы біз өзімізге не керектігін анықтаймыз. Мұндай кішігірім қадамдар сіздің мінезіңізді, жігеріңізді қатайтып, «тәрбиелейді». Жақсы қасиет емес пе?