498 кәсіпорын 410 колледжге қамқоршылық жасайды. Бұл жайында оқу-ағарту министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті.
«Оқу-ағарту министрлігі жүргізген жұмыстың нәтижесінде 498 кәсіпорынмен 410 колледжге қамқоршылық жасау туралы меморандумдар мен келісімдерге қол қойылды», – деп атап өтеді министрліктен.
Ведомство мәліметінше, қамқорлық көрсетуші кәсіпорындар қамқоршылық кеңестер мен өндірістік кеңестерге мүше болып, кәсіпорын базасында педагог кадрлардың тағылымдамадан өтуін ұйымдастыруға, колледждерді зертханалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге, студенттерді одан әрі жұмыспен қамту үшін кәсіптік-өндірістік практиканы ұйымдастыруға атсалысады.
«Қамқорлық көрсететін кәсіпорындардың базасында 300 мыңнан астам студент кәсіптік практикадан, 5 мыңнан астам педагог тағылымдамадан өтті. Колледждер қамқорлық көрсететін кәсіпорындардың қатысуымен 4 мыңнан астам білім беру бағдарламасын жаңартты», – делінген таратылған ақпаратта.
Естеріңізге сала кетейік, осы жылдың басында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев отандық бизнес өкілдерімен кездесу барысында ірі кәсіпорындарға колледждерге қамқорлық жасап, олардың қамқоршылық кеңестеріне кіруге, жастарды практикаға алуға, зертханалар мен шеберханаларды жабдықтауға қатысуын қамтамасыз ету керектігін айтқан болатын.