Мегаполисте осы жылдың соңына дейін диагностикалық тест-жүйелер шығаратын зауыт ашылуы мүмкін. Жоба 4,6 млрд теңгеге бағаланып отыр. 65 жұмыс орны құрылады.
Алюминий және биметалл радиаторлар өндірісінің бірінші кезеңі іске қосылады деп күтілуде. Құны – 3,56 млрд теңге. 100 адам жұмысқа орналаса алады.
Қалада табиғи тастан бұйымдар шығаратын зауыт 900 млн теңгеге іске қосылады. 17 жұмыс орны құрылады. Ғимараттар мен құрылыстардың қасбеттеріне арналған термопанельдер мен сәндік бұйымдар өндірісі пайда болады. Жобаға салынған инвестиция 800 млн теңгені құрайды. 30 жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, 1,24 млрд теңгеге газобетон блоктарын шығаратын кәсіпорын іске қосылады. 30 адам жұмыспен қамтылады.
Алматыда 259 млн теңгенің электр өнімдерін шығаратын зауыт жұмысын бастап, 33 адам жұмысқа орналасады деп күтілуде. Ravak Smart Төмен вольтті жүйесінің электр техникалық жабдығын өндіру зауыты іске қосылады. Құны – 200 млн теңге, жұмыс орындары – 50. Аты аталған жеті жобадан басқа қалада шағын өнеркәсіптік парктер құрылады.
“Жалпы ауданы 66,3 мың шаршы метр болатын 11 өндірістік нысан іске асырылу сатысында, 1730 жұмыс орны ашылады, инвестиция көлемі 9,59 млрд теңгені құрайды”, – деп хабарлады әкімдікте.
Ақпаратқа сәйкес, жыл соңына дейін жалпы ауданы 16 мың шаршы метр болатын 1,6 млрд теңгеге, 370 жұмыс орны бар төрт өнеркәсіптік парк іске қосылуы тиіс.
Сондай-ақ, 2022 жылдың І жартыжылдығында жалпы сомасы 172 млрд.теңгеге 17 жоба жүзеге асырылмақ. Соның нәтижесінде 800-ден астам тұрақты жұмыс орны құрылды.