«TONIA» индикаторы − мемлекеттік бағалы қағаздармен автоматты репо секторында биржада жасалған бір жұмыс күні мерзіміне репо ашу мәмілелері бойынша орташа пайыздық мөлшерлеме болып табылады.
Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздар портфеліндегі жаңа қаржы құралы мемлекеттік бағалы қағаздарды «TONIA Compounded» алты айлық ауыспалы мөлшерлемеге байланыстыруды көздейді, оның мәні күн сайын Қазақстан қор биржасының сайтында жарияланады. Купондық төлемдер әр алты ай сайын есептеледі және төленеді.
Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарын «TONIA» мөлшерлемесіне байланыстыру оның Қазақстандағы ақша нарығының негізгі индикаторы ретінде танылуына және қаржы нарығына қатысушылардың осы құралға деген жоғары сеніміне негізделген.
«TONIA» мөлшерлемесіне байланыстырылған мемлекеттік бағалы қағаздарды шығару нарыққа ағымдағы нарықтық конъюнктураны көрсететін жаңа жоғары өтімді құралды беруге және қалған эмитенттер үшін баға бағдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Қаржы министрлігі Ұлттық банкпен бірлесіп, кірістіліктің әділ нарықтық қисығын қалыптастыру және тұтастай алғанда борыштық құралдар нарығын дамыту жөніндегі шараларды іске асыруды одан әрі жалғастыруды жоспарлап отыр.
Қаржы министрлігі мемлекеттік қағаздарды шығаруды қаржы нарығының барлық белсенді қатысушылары үшін қол жеткізу құқығымен Қазақстан қор биржасында тұрақты негізде жүзеге асырады.