Биыл елімізде 3-сыныпты бидай тоннасын 125 мың теңге, ал 4-сыныпты бидайдың тоннасын 120 мың теңгеден төмендетпеу керек. Аталған бағаны Қазақстан астық өндірушілер одағының төрағасы Нұрлан Оспанов ұсынып отыр.
Еліміздің астық өндірушілер одағы биыл 1 қыркүйектен бастап астық импортына тыйым салуды ұсынып отыр. Сондай-ақ, одақ басшысының пікірінше, 3-сыныпты бидайдың тоннасын 125 мың теңге, ал 4-сыныпты бидайдың тоннасын 120 мың теңгеден төмендетпеу керек.
Одан бөлек, одақ астық нарығында тұрақты сұранысты сақтай отырып, экспортты шектеуден бас тартуды ұсынады. Сол сияқты экспорттық баға демпингіне жол беретін тұлғаларға қатысты жедел шара қабылдауды ұсынады.
«Өткен жылы біз баж салығына тыйым салатынымызды жариялап, серіктестерімізді бір қорқытып алдық. Сөйтіп жүргенде 2-3 ай өтті, ал біздің сатып алушылар алсақ па, алмасақ деп ойланып қалды. Мұндай жағдайда шешімді созбау керек, себебі нарық күтпейді, басқа жаққа бет бұрады. Қазір біз импорттаушы елдердің Қазақстанды серіктес ретінде қарастырмайтынын байқап отырмыз. Осы орайда олар сатып алудың басқа жолын іздейді, соның бірі көршіміз — Ресей. Ол елде бидай өнімінің сапасы жоғары және баға төмен. Ал біз болсақ экспортты реттеп, отандық өндірушілердің табыс табуына кедергі келтіріп отырмыз», – деді Нұрлан Оспанов.
Оның айтуынша, астық өңдеушілер мен экспорттаушылар нарықта қалуы үшін төлемге қабілетті сұранысты құру қажет. Сонда ғана бәсекелестік артып, нарықтық әділ баға болады.