“Мұнай бағасының төмендеуі және шетел валютасына деген сұраныс теңгені әлсіретті”, деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова Kapital.kz сайтына берген сұхбатында, деп хабарлайды kazbusiness сайты.
Оның айтуынша, шілденің қорытындысы бойынша, теңгенің айырбастау бағамы 477,07-ге дейін 1,5% әлсіреді. Мұндай динамикаға сыртқы факторлар мен ішкі факторлар да ықпал етті.
“Екінші ай қатарынан мұнайға баға белгілеу төмендегенін атап өткен жөн. Бұдан басқа, АҚШ-та мөлшерлемелерді агрессивті көтеру – ұлттық валютаға, сондай-ақ дамушы нарықтардың валюталарына қысым жасауын тоқтатқан жоқ”, – деді ол.
Сұхбатта Әлия Молдабекова ішкі факторлар жағынан жалғасып келе жатқан демалыстар кезеңі мен компаниялардың дивиденд төлеуіне қатысты тоқталды. Ол бір ай ішінде шетел валютасына деген сұраныстың артуына ықпал етті деп атап өтті.
“Мәселен, сауда-саттықтың орташа бір күндік көлемі өткен айдағы 96,4 млн долларымен салыстырғанда, шілдеде 118,6 млн долларға дейін ұлғайды. Шілденің соңына қарай теңге бағамы позициясын біршама қалпына келтіріп, экспорттаушылардың салықтық төлемдері арқасында әлсіреу қарқынын азайтты”, – деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Сондай-ақ квазимемлекеттік сектор субъектілерінің 543,9 млн доллар көлемінде сатуы және 599,2 млн доллар мөлшерінде ҚРҰҚ-тан трансферттерді қамтамасыз ету үшін валютаны сатуы айырбастау бағамына бір ай бойы қолдау көрсеткенін мәлімдеді. Сонымен қатар, айтуынша, Ұлттық банк валюталық интервенциялар жүргізген жоқ.