Цифрлық теңге дегеніміз – ұлттық валютаның цифрлық түрі. Оны криптовалютаға теңеуге болмайды, дейді Ұлттық банк, деп хабарлайды Kazbusiness.kz сайты.
Фиаттық төлемнің бұл түрін офлайн жүргізуге мүмкіндік бар. Яғни ұшақта да телефон арқылы ғаламторсыз төлем жасауға болады. Сандық валюта өндірушілері шетелдік тәжірибені де назарға алады.
Осы мақсатта «Астана хаб»-пен меморандумға қол қойылды. Сондай-ақ цифрлық еуро қауымдастығымен байланыс орнатылды. Алда цифрлық доллар және фунт стерлинг өкілдерімен меморандум жасалады. Бірақ біздегі сандық ақшаның өзгелерден айырмашылығы көп. Әмиянды басқару, орталық банк пен нарық қатысушыларының ролі бізде басқаша сараланады.
Бірінші шілдеде Цифрлық теңге жобасы Мемлекет басшысына ұсынылды. Жыл соңына дейін зерттеу жұмыстары мен тестілеуді аяқтау жоспарланған. Цифрлық теңге платформасының тестілеуіне екінші деңгейлі банктер қосылды.
Ал Қазақстанның ұлттық банк өкілдері зерттеу жобасына басқа да қатысушыларды қабылдауға дайын екенін айтты.
Ұлттық банк өкілдері цифрлық валютаға көшу аз уақыттың шаруасы емес дейді.
Ресей мен Беларусь экономикасы жарты жылдың қорытындысы бойынша құлдыраудан өтті. Бұл туралы Еуразиялық Даму банкінің ай сайынғы макро шолуында жазылған. Қалған қатысушы елдерде ЖІӨ өсіп келеді. Арменияда ЖІӨ өсімі 11,8%, Қазақстанда 3,4%, Тәжікстанда 7,4%, Қырғызстанда 6,3%
Банктің талдау орталығының жетекшісі Алексей Кузнецов елдердегі экономикалық жағдайдың әртүрлі бағытта дамуына баса назар аударды. Сарапшылардың сөзінше, банкке қатысушы мемлекеттердің көпшілігінде жыл қорытындысы бойынша экономикалық өсу көрсеткіштері болжамдардан жақсы болады.
«Жылдың екінші жартысындағы экономикалық серпінге сыртқы конъюнктураның нашарлауы әсер етуі мүмкін. Еуразиялық Даму банкі сарапшыларының пікірінше, Еуроаймақта және АҚШ-та рецессия ықтималдығы жоғары. Бұл құлдырау тереңге кетпейді. Дегенмен, ол әлемдік экономикадағы экспорттық тауарлардың сұранысына теріс әсер етеді», – дейді Еуразиялық даму банкінің елдік талдау орталығының жетекшісі Алексей Кузнецов.
Әлемдегі орталық банктердің 90 проценті цифрлық валютаны зерделеп жатыр. Мысалы, осы күзде Ресейдің мемлекеттік думасы цифрлық рубльді айналымға енгізу үшін қажет құжаттарды талқылайды.
Жаңа қаржы құралы ақшаның үшінші формасы деп аталады. Ол бәріне белгілі қолма-қол және қолма-қол емес төлемдерді толықтыруы тиіс. Ресей банкі цифрлық рубль айналымының екі деңгейлі моделін ұсынған. Онда цифрлық рубльды қолма-қол ақшамен де, қолма-қол ақшасыз да уәкілетті қаржы ұйымдары арқылы 1:1 қатынасында айырбастауға болады.
Жеке тұлға үшін де, заңды тұлға үшін де сандық қаржы құрылымының жағдайына қарамастан қол жетімді болады дейді мамандар. Дегенмен бұл төлем құралының айналымы талқылау сатысында.