Жетісу облысында өңірді дамытуға бағытталған екі жоба мақұлданды. Бұл туралы облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың төрағалығымен өткен өңірлік үйлестіру кеңесінің алғашқы отырысында белгілі болды, деп жазды Kazbusiness.kz сайты.
Жиынла алғашқы болып «Dar rail Infrastructure» компаниясының жетекшісі Максим Матюк Алакөл ауданындағы «Достық» бекетінде салынатын жүк терминалының жобасын таныстырды. Инвесторлық жоба «Оpen-top» жүйесі бойынша өнім тиеуге арналған ірі логистикалық парк құруға бағытталған. Қазір 500 гектар жер учаскесі бөлінген.
“Компания темір жол тасымалымен айналысады. Логистикалық паркті салуға жалпы құны 29 млрд.теңге жұмсалады. 225 жұмыс орны ашылып, шекарадағы жүк тасымалының көлемі артады. Жобаның жылдық қуаты 9 млн.тонна жүкке жетеді”, – деді ол.
Компанияның бас директоры құрылыс жұмысы кезең-кезеңімен жүретінін айтты. Сонымен қатар инвестор халықтың әлеуметтік мәселесін шешу мақсатында 20 жеке тұрғын үй салып беруге дайын екіндігін жеткізді.
Облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы тиісті жер учаскесі бөлінгендіктен құрылыс жұмысына дайындық кезеңін мүмкіндігінше қысқартып, жұмысқа кірісу керектігі туралы ұсынысын білдірді. Әсіресе, жергілікті халықты жұмыспен қамту, оның ішінде жастарға ерекше көңіл аударуды тапсырды. Ол үшін Алакөл ауданына жақын орналасқан Сарқан, Ақсу, тіпті, Талдықорған қаласындағы колледждермен келісіп, құрылыс жұмыстарына қажетті маман дайындау мәселесі қолға алынады.
Келесі кезекте Текелі қаласындағы темір өңдейтін «Электромарганец» зауытының жетекшісі Жақсылық Жорақұлов инвестициялық жобасын назарға ұсынды. Жобаға 4,35 млрд.теңге инвестиция тартылады. Зауыттың құрылыс жұмыстары аяқталуға жақын. Яғни, Германиядан автоматтандырылған құрылғылар келсе, қазан айында толық жұмысқа кіріспек. Кәсіпорын бірінші кезеңде жылына 20 000 тонна электромарганец өндіруді жоспарлауда. 75 адам жұмыспен қамтылады.
Өз кезегінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев қажетті жер телімі беріліп, барлық жағынан қолдау көрсетілетінін айтты. Келешекте зауыт тарапынан текеліліктердің газға қосылуына жәрдем беріледі.
Жиында кеңес мүшелері қос инвестициялық жобаны мақұлдап, бірауыздан дауыс беріп, қолдау танытты.