Райымбек ауданында Алматы облыстық әкімдігінің ықпалымен, «Жетісу» ӘКҚ Алматы облысының өңірлік даму институты акционерлік қоғамының қолдауымен «Altyn–Dan» сервистік дайындау орталығы құрылды, деп хабарлайды kazbusiness.kz “Жетісу” газетіне сілтеме жасап.
Аталған сервистік дайындау орталығының ұжымы 23 түрлі трактор, ауыл шаруашылығына қажетті техникалар сатып алды. Бұдан былай диқандардың маусымдық науқанды, көктемгі жер өңдеу жұмысы аталған техникалардың көмегімен жүзеге асырылмақ. Аталған орталық аудан бойынша 2000 гектар жерді игеруді жоспарлап отыр. Биылдан бастап 500 гектар жерге күздік бидай себеді. Қажетті жер дайындалу үстінде.
– Біздің басты мақсатымыз – таулы өлкеде дәнді дақылдар өсірумен тікелей айналысу, осы мақсаттағы тұқым шаруашылығын өрістету. Ауыл шаруашылығына ең қажетті трактор, техникалармен дер кезінде қолдау көрсеткен Алматы облысының әкімдігіне үлкен алғыс білдіреміз, – дейді «Altyn – Dan» сервистік дайындау орталығының мүшелері.
Бүгінге дейін Райымбек ауданында картоп өсіруге негізделген «Хантәңірі», «Байынқол-7», Ақжол», «Үш Қақпақ» сервистік дайындау орталықтары жұмыс істеп тұр. Жаңадан құрылған орталық сол жұмысты одан әрі жандандыра түсетін болады.