Зауытқа қатысты “Жетісу облысындағы жалғыз ірі кәсіпорын алаяқтық жолмен көп мөлшердегі салықты жасырды” деген сынға ілінген. Осының салдарынан шикізат тапшылығы туындап, негізсіз қылмыстық іс қозғау жұмысы да басталған көрінеді. Ал кәсіпорын заңгерлері: «Барлық жұмысымыз заң шеңберінде жүріп келеді, бізге негізсіз айып тағылып отыр», – деп өздерін қорғап әбігер. Істің мән-жайы аталған кәсіпорын базасында өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды kazbusiness.kz сайты.
Облыстық “Жетісу” газетінің мәліметінше, осы жылдың 27 сәуірінде «Қайнар-АКБ» ЖШС 26.04.2022 жылғы №МКД-05-02-11/7659 Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің серіктестікке қатысты жоспардан тыс салықтық тексеру жүргізуге ұйғарым шығару туралы алдын ала шешім қабылдаған.
Десе де кәсіпорын заңгерлері бұл шешімді заңсыз деп санайды.
«Қайнар-АКБ» ЖШС 100 пайыз жекеменшік кәсіпорын. Құрылтайшылары осы мекмеде жұмыс атқарады. Өткен жылдың сәуір айында Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті кәсіпорынға: «Алаяқтық жолмен мемлекет қаржысын жымқырды» деген негізде іс қозғады. Осындағы алаяқтық деген сөзге талдау жасайтын болсақ, өзімізден ешқандай алаяқтықты байқамадық. Өніміміз сапалы, нарықта сұранысқа ие, оның үстіне өзімізге жүктелген салықты уағында төлеп келеміз”, – деп түсіндірді «Қайнар-АКБ» ЖШС бас директорының орынбасары, қауіпсіздік басқармасының басшысы Шарханбек Іңкәрбеков.
Зауыт басшысының айтуынша, осы бойынша үш ай бойы тексеріс жүргізіліп, қылмыстық дәлел табылмаған соң істі тоқтатты. Тіпті, осы тұста ешкім бізді қылмыстық істің материалымен таныстырып, түсіндірген де жоқ. Өткен жылы қараша айында тағы да: «Рейдерлік жолмен пайда тапқан» деген негізбен тағы да іс қозғалып, дәлел тапппай, 25 қарашада іс тоқтатылды. «Бәле бір айналдырса, шыр айналдырады» дегендей, 11 маусымнан бастап мекеме басшылары мен қызметкерлеріне қылмыстық іс қозғалыпты. Оны Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының шығарған қорытындысы бойынша қозғапты, дейді басшы.
«Қайнар-АКБ» ЖШС өндірген өнім еліміздегі ірі қалаларда сатылады. Ал аккумуляторларды сатып алып, сатумен айналысатын азаматтардың бәрінің жеке кәсіпкерлік куәлігі бар. Оның үстіне олар да салығын төлеп, заңды жұмыс істеп отырғанына сенімдіміз. Сондай-ақ, олар ескі аккумуляторларды зауытқа өткізіп, өнім көлемін ұлғайтуға да септесіп келеді. Зауыт өндірген өнім, қабылдаған шикізат көлемі бойынша белгіленген нормадағы салықты төлеп жүр.
Ендеше, салық жасыру дерегі қалай жүзеге асады? Қазір зауыттан дайын өнімді сатып алып, базарда сататын, көнерген аккумуляторларды зауытқа өткізіп, нәпақа табатын 80-ге жуық жеке кәсіпкер «Қайнар-АКБ» ЖШС-мен сыбайлас деген тұрғыда тергеліпті. Осының салдарынан зауыт жарты жылда 1500 тонна шикізаттан айырылса, көнерген аккумуляторлар өткізіп ақша табатын жеке кәсіпкерлердің уақыты күнде соттың алдында кезек күтумен өтуде. Есесіне, қайта өңдеуді қажет ететін аккумуляторларды Қырғызстан мен Ресейдің зауыттары сатып алып, тасып жатыр. Сонда «Екі түйе сүйкенсе, ортасында шыбын өледінің» кері болып тұр ма?
Бәрімізге белгілі, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты тексеруге бағытталған мораторий әлі жұмыс істеп тұр. Ал экономикалық тергеу комитеті жеке кәсіпкерлерді әлі тексеруде. Сонымен қатар, «Қайнар-АКБ» ЖШС Жетісу облысына тән ірі кәсіпорын. Сондай-ақ, оның өнімі Алматы, Шымкент, Нұр-Сұлтан сияқты ірі қалалар мен алыс-жақын шетелдерде сатылады. Логикалық тұрғыдан қарасақ, заңсыздықты аккумулятор сатылатын қалалардың немесе Жетісу облысының құзырлы органдары тексеруі керек. Керісінше, қылмыстық істі Алматы облысына қарасты мекемелер жүзеге асыруда. Оған Алматы облыстық мемлекеттік кірістер департаменті мамандарының қорытындысы негіз болуда. Қысқасы, серіктестік пен жеке кәсіпкерлер арасындағы мәмілелер ойдан шығарылған санайды.
Облыс тұрғындары, зауыт жұмысшылары да істің тезірек аяқталып, жұмыстың бұрынғы ырғағымен жүруін қалайды. Себебі, Жетісу облысының кірісін еселеп отырған кәсіпорынның тоқырауы облыс экономикасын әлсіретіп қана қоймастан, тұрғындардың әлеуметтік жағдайына да кері ықпалын тигізетіні анық.