Биыл Кеген ауданы бойынша 7 мың гектардан астам жердің дәнді дақылы орылып, әр гектарынан 18 центнерден жоғары өнім алу жоспарланған, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Аудандағы Қарқара ауылдық округіне қарасты Ислам Хуршудов басқаратын «Қарқара өнімдері» ЖШС – өңірде күздік бидай мен арпаның және көп жылдық шөптің берері көп сорттарымен жұмыс жүргізіп келе жатқан бірден-бір құрылым. Олар Қарқараның құнарлы топырағында жалпы көлемі 1200 гектар жерді игеріп, дәнімен толқытып отыр.
– Серіктестікке қарасты 380 гектар күздік бидай орылып бітуге жақын. Бұдан кейін супер элиталық көп жылдық шөп тұқымы қосылып себілген 700 гектар арпа орылатын болады. Күздік бидайдың әр гектарынан 22-25 центнерден алтын дән жиналуда, – дейді «Қарқара өнімдері» ЖШС-нің бас агрономы Ізтілеу Нүсіпқожаев.
Еуропадан әкелінген, бір жүріп кеткенде жалпы көлемі 9 метр жердің астығын оратын, заманауи компьютермен басқарылатын 440 «TUCANO CLAAS» маркалы екі комбайын дәнді дақыл алқабында жүр. Комбайн ішінен қанша гектардың орылғанын, әр гектарға қаншадан айналып жатқанын, түсім мөлшерін де білуге болады.
Комбайнды басқарып отырған Сергей Шербаков өз жұмысын жақсы біледі. Тіркемесімен 1 «КАМАЗ» жүк көлігі, тіркеммесімен 2 трактор қоймаға тынымсыз дән тасымалдауда.