Министрдің айтуынша, базардағы малдың үстінен қосатын бағалар ведомтсво құзыреттілігіне жатпайды, деп хабарлайды kazbusiness.kz ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
“Базардағы ет бағасына біз жауап бермейміз. Ауыл шаруашылығы министрлігі ет болсын, көкөніс болсын, қажетті мөлшерде өңдеп шығаруға жауапты. Базардағы мал бағасының үстінен қосатын құнды реттеу құзыреттілігімізге жатпайды”, – деді министр.
Ербол Қарашөкеев бұл мәселені басқа министрлікпен бірігіп, шешу керек екенін айтты. Министрлік оған көмектесуге дайын екенін де атап өтті.
“Негізі ауыл шаруашылығындағы көтерме баға, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің бағасы тұрақты. Оларда асып бара жатқан табыс та жоқ, шыны керек. Сол себептен квота енгізу соларға көмектесу мақсатында жасалып жатқан мәселе”, – деді министр.
Ауыл шаруашылығы министрі қазір ведомствоаралық комиссияның шешімімен 60 мың бас ірі қара пен 120 мың бас ұсақ малды экспорттауға рұқсат беруді қарастырып, шешімін қарастырылып жатқанын айтты.
“Қазір ішкі нарықта еттің бағасы тірідей салмақты алған кезде – 700-800 теңге. Өзбек бауырларымыз 1300-1350 теңгеден көрсетіп жатыр. Ол ішкі нарыққа әсер етпейді. Ол біздің шаруаларға шетелден қосымша табыс табуға мүмкіндік береді”, – деді министр.
Ербол Қарашөкеев Қазақстан мал етін негізінен көршілес Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан сынды елдерге экспорттайтынын айтты.