Қазақстанда кедейшілік шегінде өмір сүретін адамдардың саны артқан. Кедейлік деңгейі көбінесе үлкен отбасыларда тіркелген. Бұл жөнінде Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросы мәлімдеді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Үй шаруашылықтарын іріктемелі зерттеу бойынша табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен халықтың үлесі (кедейлік деңгейі) 2022 жылғы II тоқсанда 5,1% құрады, бұл 2021 жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 0,3 пайыздық тармаққа жоғары”, – делінген хабарламада.
Кедейлік деңгейі көбінесе үлкен отбасыларда тіркелген. Осылайша, 5 және одан да көп адамнан тұратын үй шаруашылықтары арасындағы кедейлік деңгейі 2022 жылғы II тоқсанының қорытындысы бойынша 9,3%-ды құрады, бұл жалпы кедейлік деңгейінен 2 есеге жуық артық, деп қосты статистика бюросы.