«Лепсинск өнімі» ЖШС компаниясы жақында табиғи косметика да өндіре бастады. Тауарлары аз уақыт ішінде жергілікті тұрғындар арасында ғана емес, сонымен қатар елордалық арулар арасында да танылып үлгерді. Басты ерекшелігі сол, өгім таза табиғи ингредиенттерден тұрады, ал міндетті құрамдас бөлігінде бал өнімдері қолданылған.
Омарта қашанда ерлердің орны деп есептеліп келген, бірақ омартада ғана емес, бал өндіретін кәсіпорындарда әйелдің қолын қажет ететін салмақты жұмыстар да аз емес. 15 жылдық тәжірибесі бар педагог, химик-биолог маман Зарина Абузярова жолдасы, «Лепсинкс өнімі» ЖШС директоры Фархат Абузяровтың басты көмекшісі, ол отбасында ғана емес, бизнесте де оның сенімді секрігі болып келеді.
– Алғашында өз мамандығым бойынша зертханада жұмыс істеп, балдың сапасын тексеріп отырдым. Бал сапасы үнемі бақылауда болуы керек, себебі біз балды тек өз омарталарымыздан ғана емес, жергілікті омарташылардан да сатып аламыз. Бізде органикалық шығу тегіне, өнімнің жоғары сапалылығы мен қауіпсіздігіне кепілдік беретін «Organic» сертификаты бар. Жақында арманым орындалып, қалағанымызды іске асырып, жаңа тауар шығара бастадық. Шабытымызды қамшылаған біздің даму жөніндегі менеджеріміз Назия Құспанова болды. Әрине, мен косметикалық өнімдерді өндіру процесін бұрыннан білетінмін, соған қарамастан қосымша арнайы курстан өттім. Сөйтіп жеті өзеннің байлығын, қамқорлығы мен табиғатының сұлулығын бейнелейтін «Лепсі Beauty» желісі пайда болды. Біз косметикалық сабын, шашқа арналған сусабын мен бальзам, ваннаға арналған тұз, барлығы 11 өнім түрін шығарамыз. Барлығы табиғи ингредиенттерден жасалған, – дейді Зарина Абузярова.
Лепсі косметикасы құрамының ерекшелігі сол, онда органикалық бал, саумал (биенің жаңа сауылған сүті), жергілікті дәрілік шөптер мен гүлдер, сондай-ақ Алакөл шунгиті мен Жалаңашкөл балшығы бар, басқаша айтқанда, әжелеріміздің рецептімен дайындалған десе де болады, бұл оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Бір кезде жергілікті тұрғындар шөп қосып, малдың майын араластырып, сабынды өздері қайнатқан. Оны Зарина жақсы біледі. Сондықтан Лепсі косметикасын шығару – бизнесті дамыту ғана емес, бабалар дәстүрін жалғастыруға үлес қосу деуге болады.
– Жыл басынан бері шамамен 10 мың дана сабын өндірілді. Біз тапсырысқа жұмыс жасаймыз. Сол сияқты өнімдеріміз елорданың сауда үйлерінде де сатылады. Табиғи ингредиенттер мен қол еңбегі өнімнің құнына айтарлықтай әсер ететінін білесіздер. Дегенмен біздің косметикамыз теріні де, шашты да жақсартады. Оған қоса емдік қасиеті бар. Дәл қазір мен бет пен қолға арналған кремдер әзірлеумен айналысып жатырмын, – дейді кәсіпорынның технолог-әзірлеушісі З. Абузярова.
Кәсіпорын жергілікті жабайы жидектерден – қарақат, құлпынай, таңқурай, шие, өріктен джем жасау кезінде де көне рецепті қолданады, оған қоса алма джемін дайындайды. Джем 25 грамдық шыны ыдыстарға құйылады, жылына 10-15 тоннаға дейін тәтті тағамдар шығарылады. «Бұл бағытта да тапсырыс бойынша жұмыс істейміз. Джемді негізінен отандық «Air Astana» авиакомпаниясы, «Rixos», «Edison» қонақ үйлер желісі сатып алады. Джем оңтайлы температуралық режимдегі су қазандығында дайындалады. Біз ынтымақтастыққа, жаңа тапсырыстар қабылдауға әрқашан дайынбыз», – дейді «Лепсинск өнімі» ЖШС директоры Фархат Абузяров.
Жидектерді жергілікті тұрғындар таудың өзінен жинайды. Өнімнің экологиялық тазалығы мен табиғилығына қойылатын талаптардың сақталуы аса маңызды. Сондықтан шөп жинаушыларға дәріс сабақтары да өткізіліп тұрады.
Жергілікті 12 тұрғын тұрақты түрде жидек жинаумен айналысады. Қажет болған жағдайда жаңа терілген жидектер ұзақ уақыт мұздатылып сақталады.
Кәсіпорындағы тұрақты жұмыста 10 адам бар, тағы 5 адам Астана мен Алматы қалаларындағы компания кеңселерінде еңбек етеді. Ауылдық округтегі 25 омарташымен бал қабылдау туралы келісім-шарт жасалған, олардың әрқайсында кемінде 3 адам жұмыс істейді. Сөйтіп, «Лепсинск өнімі» ЖШС 250-дей адамды еңбекпен қамтып отыр. Алакөл ауданындағы бал кластері осындай.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі