Облыстағы жалпы ауыл шаруашылығы өндірісінің 11,2% Кербұлақ ауданына тиесілі, деп жазады kazbusiness.kz ақпараттық порталы.
Биыл 8 айдың ішінде ауданда өндірілген агроөнімдердің көлемі 12% пайызға артып, 22 млрд. теңгені құрады. Жыл соңына бұл көрсеткіш 50 млрд. теңгеге жетеді деп күтілуде. Бұл туралы Кербұлақ ауданының әкімі Қанат Есболатов баспасөз мәслихаты барысында айтты.
Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында әрқашан ауыл шаруашылығы саласын дамытуға ерекше басымдық беріп, аграрлық кешенінің әлеуетін толық іске асыру керектігін тапсыруда. Бұл ретте, биыл Кербұлақ ауданының аграрлық секторына тартылған инвестиция көлемі 9,8 есеге артқанын айтып өткен абзал.
«Кербұлақ ауданы облыстағы негізгі астық өндіруші өңірлердің бірі. Биылғы жылы да дәнді дақылдар егістігі 2 235 гектарға артып, 99 мың гектарға жетті. Аудан еңбеккерлерінің тынымсыз еңбегінің арқасында бүгінгі күнге 183 мың тонна астық жиналды, бұл өткен жылдан 15 мың тоннаға артық»,-деді аудан басшысы.
Ауданда егіс көлеміне әртараптандыру жүргізіліп, биылғы жылы қант қызылшасы заманауи технологияны қолдана отырып, 300 гектарға себілді, бүгінгі таңда 58 гектар қант қызылшасы жиналып, орташа өнім 500 центнерден айналды.
Көксу қант зауытына 2 400 тонна өткізілді. Келесі жылы қант қызылшасының алқабын 700 гектарға дейін ұлғайту жоспарлануда.
Картоп шаруашылығыда ауыл шаруашылығы саласында басымдық берілген бағыттардың бірі, биыл 1200 гектар егістіктен 24 мың тоннадан астам өнім алынды. Аудан басшылығы келешекте ірі инвесторларды тартып, картоп өндірісін өнеркәсіптік бағытқа алмастыруға жұмыстар атқаруда.
Жалпы облыстағы ауыл шаруашылығы дақылдарының ең ауқымды көлемі – Кербұлақ ауданында, биылғы жылы егіс алқабы 114 мың гектарға жеткізілді.
Алайда, су шаруашылығы нысандарының ескіруінен суармалы егістік алқаптарының басым бөлігі жер телімі ретінде пайдаланылуда.
Спикердің айтуынша, мемлекеттік ауылшаруашылық қаржылай қолдау қоры арқылы 14 шаруа қожалығы 280 млн. теңге несие алған. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін техникамен қамтамасыз етуде қажетті қолдаулар көрсетілуде, облыстық бюджет есебінен 27 бірлік арнайы техникамен жарақтандырылып, 3 сервистік орталық жұмыс жасауда. Ағымдағы жылы шаруашылықтар 1,3 млрд. теңгеге 49 жаңа техника сатып алды.
Мал шаруашылығына келер болсақ, аймақта мал саны мен өнім өндіру өткен жылмен салыстырғанда орта есеппен 1,9 % пайызға өсті. Биылғы жылы 66 мың 623 мүйізді ірі қара болса, өткен жылы 65 285 басты құрады.
«Мал қыстату науқанының дайындығы 103,7% пайызға артық орындалды. Яғни, 212 938 тонна шөп, 55 мың тонна сабан, 34 200 тонна пішендеме, 36 683 жемдік азық дайындалды» ,- дейді аудан әкімі Қанат Есболатов.
Негізінде ауданда 9 мал бордақылау алаңдары мен 7 тауарлы сүт фермалары жұмыс жасайды. Болашақта 2 сүт тауарлы ферма: Абай және Ернар шаруа қожалықтары, бордақылау алаңы – Сакен шаруа қожалығы сынды тағы 3 нысан құру жоспарлануда.