13 қазанда Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев БАӘ-нің ірі бизнесмендерінің бірі, Etihad Towers көп функционалды кешенінің иесі, “First Abu Dhabi Bank” акционері, Абу-Даби Әмірлігіндегі билеуші отбасының өкілі Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаянмен кездесті.
Шейх Сурур бен Мұхаммед Әл Нахаян Маңғыстау облысында инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға өзінің жеке дайындығымен қатар, БАӘ-нің басқа да ірі компанияларының қызығушылығын да атап өтті.
Өңір басшысы Нұрлан Ноғаев өз кезегінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолайлы инвестициялық ахуал құру жөніндегі тапсырмасына сүйене отырып, жергілікті атқарушы органдар тұрақты негізде инвестициялар тарту, инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау жөніндегі іс-шараларды жүргізіп жатқанын және Маңғыстау облысының аумағында инвестициялық жобаларды бірлесіп іске асыру үшін қолданыстағы заң аясында барлық қажетті күш-жігерді жұмсауға дайын екенін атап өтті.
Кездесу барысында тараптар БАӘ өкілдері мен Маңғыстау облысы арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың аспектілерін талқылады.