Гүлназ Шәкенованың айтуынша, балаларының әрқайсысы әр түрлі тамақты ұнататын болғандықтан, олардың қалауын орындау үшін сан қилы тағамдар мен тәттілер пісіруді ерте кезден үйренген. Бірте-бірте ол тұрмыстағы бұл машығын мамандыққа айналдырып, сұранысқа қарай тағамдарды үйден пісіріп сататын. Осыдан біршама уақыт бұрын олар отбасымен өзара ақылдаса келе, жеке бизнесін ашуға бел буды. Алматыда жұмыс істеп тәжірибе жинаған студент балалары жаппай кең таралған кәсіп түрінен гөрі Сарыөзекте қай бизнес түрі кемшін, соған басымдық бергенді дұрыс көрген. Ақыры кофе дайындайтын шағын дәмхана ашуға тоқталған.
– Алғашында аудандық жұмыспен қамту орталығына жүгіндім. Сосын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының жергілікті филиалының «Бастау-Бизнес» бағдарламасы арқылы кәсіпкерліктің қыр-сырын оқып үйрендім. Бизнес-жоспар жасауға біраз уақытым кетті, оған балаларым көмектесті. Жобамды қорғап, 1,2 млн. теңге грант алдым. Бұл қаражатқа дәмханаға қажетті үстел-орындық, тоңазытқыш, термостат т.б. қажеттіліктерді сатып алдым, – дейді көп балалы ана.
Осылайша ол «Coffeevita» ЖК-сын құрып, Сарыөзекте алғаш болып кофейня ашты. Оған қоса дәмхана тауарларын тұтынушыларға жеткізіп беретін қызмет түрін де енгізіп отыр. Кәсіпті жүргізуде негізгі жауапкершілік Гүлназдың мойнында болғанымен, балалар да жұмыла жәрдемдеседі, күйеуі жеткізу қызметінің міндетін өзі атқарады.
Кофейня Сарыөзектің ішімен өтетін негізгі – Б.Момышұлы көшесінің бойында орналасқан. Бұл жол облыстық маңызы бар басты жол болғандықтан келуші үзілмейді десе де болады. Кәсіпкердің айтуынша, мұнда күніне кем дегенде жиырмадан астам адам келеді.
Кофехананың ассортименті бай. Мұндағы құймақ, тоқаш, бәліш, бауырсақ, пахлава, рогалик, басқа да тағамдардың бәрін Гүлназ өзі пісіреді. Дегенмен қыздары да барынша жәрдемдеседі.
«Әсіресе үлкен тойларға, отбасылық қуаныштарға тапсырыс алған кезде балалардың көмегінсіз атқару қиын. Сондықтан балаларым – қолғанатым», – дейді көп балалы ана.
Әзірге үлкен торттарды ғана Талдықорғаннан тапсырыспен алғызады. Мұндай тәттіні пісіруге қойылатын талғам мен талаптың үдесінен шығу үшін Гүлназ бен оның қыздары өздерінің аспаздық қабілеттерін дамытып, үйрену үстінде.
Мұнда кофенің Американо, Капучино, Латте, Эспрессо түрлері бар, сондай-ақ Ташкент, Марокко, Зімбір, Түрік шайлары, сондай-ақ әдеттегі қара шай, сүтті және көк шай да табылады. Бағалары 200 – 1100 теңге аралығында, бұл жергілікті тұрғындар үшін қолайлы баға, оны клиенттердің өздері де растайды.
– Жаңа кофейня жол үстінде орналасқандықтан бізге өте ыңғайлы. Қажет кезде жүгіріп келіп, кофені өзіңізбен бірге алып кете аласыз. Жалпы Сарыөзекте мұндай қызмет көрсететін орын әзірге осы жер ғана және бағасы да көңілден шығады. Кофехана қожайынының табысты болуына тілектеспін, – дейді жас маман Әсем Кенжебекова.
12 орынға арналған шағын дәмхананың жұмыс істеп тұрғанына бір айдан асты. Ниет білдірушілер «WhatsApp» мессенджері арқылы және «gulnaz_coffe_saryozek» Инстаграм парақшасы арқылы өнімдерге тапсырыс береді.
«Бәрі ойлағанымыздай болып, осы қарқында жұмыс істесек, алдағы уақытта кәсібімізді кеңейту де ойымызда бар. Ол үшін әлеуметтік жобаларға арналған 5 млн. теңгенің грантын жеңіп алуға бар күш-жігерімді жұмсауға бел байлап отырмын. Пицца, донер, грильде піскен тауық сияқты тағамдар дайындауға да ден қойсақ деймін. Әзірге 2 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Егер іргемізді кеңейтіп жатсақ, жұмысшылар қатарын да көбейту жоспарда бар», – дейді Г.Шәкенова.
Гүлназ Жеңісбайқызы жолдасы Сәрсенбай Сәдуақасов екеуі 14 бала тәрбиелеп өсіріп отыр. Үлкендері 27 жаста болса, кішісі Нұрғалым 1 жастан 8 ай ғана асқан. Үлкен үш қыз тұрмыс құрып үлгерген. Екі баласы студент, бесеуі мектепте оқиды, соңғы үш кішкентайы балабақшаға барады. Көп балалы болудың қиындығы мен артықшылығы, Гүлназдың жастық кейпін сақтай алуының құпиясы жайлы сұрағанымызда, жылы жимаған көп балалы ана:
– Ауырлыққа сабыр қылсаң, жақсылыққа ниеттенсең, еңбектенсең, қиындықтың бәрін жеңуге болады. Балаларым – байлығым. Жолдасым екеуміз 10 қыз, 4 ұл тәрбиелеп отырмыз. Оларды ешқашан көпсінбейміз. Алды ер жеткенде кейінгілерін өсіруге жәрдемдеседі, бір-біріне қарайды, бір-бірін оқытады, сол жағы ата-анаға үлкен көмек. Көп балалы болу негізі нағашы жақтан тегімізде бар. Үлкен нағашы әжем 18 құрсақ көтерген екен, ал нағашы әжем 15 бала, шешем 12 бала дүниеге әкелген. Сол жолды жалғастырдым десем болады. Үлкен отбасы болудың қиындығы ғана емес, өз артықшылықтары да бар. Отағасы Сәрсенбай – менің тірегім, балаларым – бойымдағы бар қабілет-мүмкіндіктерімді ашқан ынталандырушыларым, бәрі бірге ісімді ілгерілетуге көмектесіп келеді. Шаңырақта ең бастысы өзара түсіністік, сыйластық, бір-біріне деген жанашыр жүрек, мейірімді пейіл болса, барлық игілік өзі-ақ үйіріліп тұрады. Отбасының бақыты бар жерде, өмірі берекелі болса, адам тез қартаймайды. Бірақ осы жеткенімізге тоқмейілсіп отырмаймыз. Жаңа машыққа үйреніп, өзімізді дамыта береміз. Мемлекет бізді барынша қолдап келеді. «Алтын алқа» иегерімін. 2019 жылы тұрғын үй кезегімен көп бөлмелі жеке үй берді. Үш баламның біреуі балабақшаға тегін барып жүр. Сондықтан осының бәріне шүкіршілік етемін, бұдан әрі де алға қарай талпына береміз деп ойлаймын, – дейді Гүлназ Жеңісбайқызы.
Жалпы 2021-2022 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін 2022 жылға Кербұлақ ауданында 89 млн. теңгеден астам сомаға мемлекеттік грант беру жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 40 адам, оның ішінде 14 жас кәсіпкер және халықтың әлеуметтік осал топтарынан 26 азамат 40 млн. 8 мың теңге алды. Жыл соңына дейін тағы 33 азаматқа өтеусіз гранттар беріледі. Грант алғандар қызмет көрсету, мал шаруашылығы, омарташылық, кірпіш өндіру, кондитерлік бұйымдар дайындау және т. б. салаларда өз істерін ашуда. Ауданда шағын, орта бизнес объектілерінің саны 3410-ға жетті, оларда 5796 адам жұмыс істейді. Осы жылдың 9 айында ауданда 1 млрд. 900 млн. теңгенің өнімі өндірілді.
Ал облыс бойынша биылдың қаңтар-қыркүйек айларында жұмыс істеп тұрған ШОБ субъектілерінің саны – 46,5 мың. І тоқсанның мәліметтеріне қарағанда, осы секторда 84,5 мың адам жұмыспен қамтылған. Бұл ретте аталған кезеңде облыста өнім шығару көлемі өткен жылмен салыстырғанда 88% өсім көрсетіп, 135,4 млрд. теңгені құрады. Сонымен қатар кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы шеңберінде 2022 жылға 6,3 млрд. теңге бөлінді, бүгінгі таңда 25,4 млрд. теңге кредиттік сомаға 253 жоба мақұлданды.