Биыл төртінші Бішкек инвестициялық форумы өтті. Бұл форумның алдыңғыларынан өзгешелігі Орталық Азиядағы инвестициялық жобалардың дамуына қатысты сұрақтар талқыланды. Сондай-ақ форумға kazbusiness клубының мүшелері қатысып, тәжірибе алмасып қайтты, деп жазады kazbusiness.kz ақпараттық порталы.
Форумға 10-нан аса мемлекеттен инвесторлар мен кәсіпкерлер жиналды. Одан бөлек Орталық Азияда бизнес саласында қызмет етіп, инвестицияны дамытып жүрген 50 спикер қатысты.
JIA бизнес ассоциациясының төрағасы Жоодар Омошовтың айтуынша, әлемде орын алып жатқан оқиғаларға байланысты Орталық Азия мемлекеттері арасында іскерлік қарым-қатынасты дамыту маңызды. Соған байланысты форумға Қазақстан мен Өзбекстаннан бизнесмендер келді. Кездесудің мақсаты тәжірибе, пікір алмасу.
Форум аясында Орталық Азияда бизнесті дамыту мәселесіне қатысты пікірталас болды. Пікірталас барысында kazbusiness клубының мүшелері де әлемдік экономиканың бизнеске әсері, бизнестің қай саласын дамыту маңызды сынды тақырыптарға өз ойларын білдірді.
Орталық Азия мемлекеттерінен 1500-ден аса кәсіпкер, 10 мемлекеттен бизнес-делегация, стартап иелері және потенциалды инвесторлар жиналды. Сондай-ақ жергілікті және шетел компанияларының тауарлары қойылған көрме ұйымдастырылды.
Форум концепциясы екі бағытты қамтыды. Біріншісі бизнесмендермен пікір алмасу. Одан бөлек форумға келген әр бизнесмен өзінің қызметі мен тауарын ұсынуға мүмкіндік алды. Ал бұл өз кезегінде потенциалды инвесторды табуға септігін тигізеді.
Екіншіден, ІІА бизнес-ассоциациясы бір ғана саланы қамтымайды. Бизнестің барлық саласын қамтып, Орталық Азиядағы сауданың дамуына баса назар аударады. Ұйымдастырудағы басты міндеттің бірі – Қырғыстан елінде ғана емес, басқа да мемлекеттерде бизнес жобаларды дамыту.
«Форум біз нарықта қандай жаңа дүниелер бар екенін көріп, сапалы мамандармен келіссөз жүргізуге септігін тигізді. Іссапарымыз екі күнге созылды. Бірінші күні форумға және әртүрлі тақырыпта өткен семинарларға қатыстық. Сонымен қатар қырғыз еліндегі қазақ кәсіпкерлерімен кездестік. Ал екінші күні JIA ассоциациясының құрылтайшыларының бірімен таңғы ас барысында кездесіп, жобаларды талқыладық», – дейді kazbusiness клубының жетекшісі Қуаныш Шаханов.
Айтуынша, форум аясында еркін экономикалық аймақта орналасқан тігін фабрикасының жұмысымен танысты. Одан бөлек Супара атты ең ірі этно ауылға барып-қайтты.
Айта кетейік, Қуаныш Шахановтың бастамасымен іссапардан кейін еркін форматта бизнес таңғы асы ұйымдастырылды. Таңғы ас қонағы – Қаскелең қаласының әкімі Асқар Өкенұлы. Кәсіпкерлер мен билік өкілдері арасындағы қалқанды жою мақсатында әртүрлі тақырып қамтылды.