«Вавилондағы ең бай адам» – Джордж Самюэль Клейсонның жеке қаржы сауаттылығына арналған кітабы. 1926 жылы жазылған бұл кітап сол кезде-ақ бестселлерге айналып үлгерген. Ең қызығы, кезінде қаржыгерлер мен сақтандыру компанияларының қызметкерлері сүйіп оқитын кітап бүгінде қалың көпшіліктің сұранысына ие. Клейсон бестселлер кітабын археологиялық қазбалар барысында табылған тақтайшалар негізінде жазған деседі. Алайда бұл автордың қиялынан туындаған оқиға болуы әбден мүмкін.
Джордж Клейсон деген кім?
1874-1957 жылдары аралығында өмір сүрген Клейсонның бизнеспен айналысқанын біреу білсе, біреу білмес. Ол АҚШ пен Канада жолдарының алғашқы атласын жасап шығарып, «Клейсон Мэп» картографиялық компаниясының негізін қалайды. Ал 1926 жылы ежелгі Бабыр нақылдарын мысалға келтіре отырып, экономика және қаржылық жетістік туралы кітап жазды. Сөйтіп миллиондардың сүйіспеншілігіне бөленді. Қазақ тілді оқырман болса, «Вавилонның ең бай адамының» қазақша нұсқасын Серік Әбдірешұлы Ерғалидың аудармасында оқи алады.
Вавилонның ең бай адамы кім?
Кітаптың негізгі кейіпкері Арқат есімді вавилондық. Вавилон халқының жартысы бай әрі дәулетті, ал жартысы тақыр кедей екендігін уайымдаған патша қаланың ең бай адамынан ақыл-кеңес сұрайды. Арқат патшаның өтініші бойынша байлықтың құпиясымен бөліседі. Бала кезден бірге өскен Бансыр мен Қобби есімді кітап кейіпкерлері де достары Арқатқа көмек сұрап барады. Сонда Арқат басынан өткен оқиғаны айтып береді.
Арқат қалай байыды?
Арқат қарапайым кеңсе қызметкері болатын. Күн сайын белі талмай жұмыс істесе де, айлығы шайлығына жетпейтін. Сондықтан да бай болуды іштей армандайтын. Ол бай болу үшін арнайы білім қажеттігін түсінетін. Алайда ол білімді кімнен және қалай аларын білмеді. Күндердің бір күні мұқтаждарға өсімге қарыз ақша беріп пайда табатын Алғамыс Арқаттың жұмысына келеді. Оған екі күннің ішінде бір шаруаны тындырып беруге тапсырыс береді. Алайда екі күнде Арқад Алғамыстың айтқанын орындай алмайды. «Мен бұл жұмысты барымды салып тез бітіріп беруге уәде берем. Тек сен баю жолын үйретші» деп өтініш айтады. Уәдесінде тұрған Арқатқа Алғамыс байлықтың құпиясын айтып береді. «Ай сайын табатын ақшаңның оннан бір бөлігін өзіңе алып қал» деп ақыл-кеңесін айтады. Міне, Арқат содан бері ештеңеге қарамастан ақшаның бір бөлігін жинауды әдетке айналдырады.
Арқаттың тұрғындарға айтқаны
Патшаның өтініші бойынша Арқат байлықтың жеті қағидасымен бөліседі.
Біріншісі – алғашқы капитал жинау. Алғамыс айтқандай табыстың оннан бір бөлігін жинауды әдетке айналдыру керек.
Екіншісі – шығындарды қадағалау. Онсыз да артылмайтын аз ақшаны қалайша жинауға болады деген сұрақ туындайды. Арқат табыс өскен сайын шығындар да өсе беретіндігін ескертеді. Сондықтан да тек қажеттілікті өтеуге ғана ақша жұмсап үйрену керектігін айтады. Ол үшін жеке, отбасылық бюджетті қадағалап, басқарып үйренген абзал.
Үшіншісі – байлықты молайту. Бұл дегеніміз жиналған ақшаны айналымға енгізу. «Әр тиын «тыныш» жатпай, әмияныңызға ағылатын бұлаққа айналып, тұрақты түрде табыс алып келуі тиіс» деп үйретеді Арқат. Мысалы, пайызға біреуге ақша беріп, қаражатты еселеуге болады дейді.
Төртіншісі – қаражатты «қорғау». Жиналған ақшаның бір күні ұшты-күйлі болмайтындығына кепілдік керек. Ол үшін белгілі бір салаға қаражат құймас бұрын сол саланың маманымен ақылдасып алған шарт. Қымбат асыл тас сатумен айналысуды шешсеңіз, сол тастардың қыр-сырын білетін адаммен кездесіп, мән-жайды анықтап алған абзал. Ақшаңызды бір мекемеге салатын болсаңыз, кез келген уақытта маңдай теріңізбен тапқанды алып кете алатыныңызға сенімді болуыңыз тиіс.
Бесіншісі – баспаналы болу. Арқат әр адам үшін өз үйі, өлең төсегі болғаны маңызды деп біледі. Сондықтан шәкірттерін мейлінше тезірек баспаналы болуға шақырады.
Алтыншысы – болашақты қамсыз ету. Зейнет жасына жеткенде шалқып өмір сүре алатындай деңгейге жету маңызды. Ол үшін қазірден бастап жұмыс істемесең де берекелі болатындай қаражат жинауды қолға алу қажет.
Жетіншісі – тұлға ретінде даму. «Отбасыңыз сізді мақтан тұтатындай өмір сүруге тырысыңыз. Сондықтан біліміңізді молайтып, жақсылық жасап, жақсы адам болуға ұмтылыңыз» дейді Арқат.
Байлықтың бес ережесі
Арқат өзін бай әрі дәулетті еткен құпияларды айтудан бас тартпайды. Байлықтың бұл бес ережесі бүгінгі таңда да өзектілігін жоғалтқан емес.
- Алтын табысының оннан бір бөлігін жинайтын адамға қарай тартылады. Өйткені ол адам өзінің және отбасының ертеңгі күнін ойлайды.
- Өз ісін білетін адамның қолында ғана алтын еселене түседі.
- Алтынды сақтап үйрену керек. Ол үшін жеті рет өлшеп, бір рет кескен дұрыс. Сонымен қатар көпті көрген адамдардан ақыл-кеңе сұраған артық етпейді.
- Өз ісін білмейтін иесінің қолында алтын жұмыс істегісі келмейді.
- Тезірек байимын деп ойластырылмаған жобаларға ақшасын құятын адамдардан алтын бойын аулақ ұстайды.
«Вавилондағы ең бай адам» бизнес-әдебиетке енді қызыға бастаған жанға таптырмас кітап. Кітаптың айтар ойы күрделі болғанымен тілі жеп-жеңіл. Парақ саны да аз. 94 жыл бұрын жазылып, өзектілігін жоғалтпаған туынды қаржылық сауаттылығымды арттырамын деген кез келген жастағы оқырманға арналған.