Ұлттық банктің ресми сайтындағы ақпарат бойынша, құймалар бес түрлі салмақта ұсынылады: 5, 10, 20, 50 және 100 г.
Сатып алушылар арасында өте жоғары сұранысқа ие түрі – 10 грамдық алтын құйма. Жалпы сатылған құймалар арасында оның үлесі – 25% немесе 27 596 дана. Одан кейін 5 грамдық алтын құйма – 23 362 дана (22%) және 20 грамдық құйма – 22 555 дана (21%), 100 грамдық құйма – 22 075 дана (20%), ал 50 грамдық құймадан – 12 487 дана (12%) сатылған. Алтын құймалар Алматы, Астана, Атырау және Қарағанды қалаларында көп сатылады.
Айта кетсек, азаматтарға тазартылған алтын құймаларды сату және сатып алу бағдарламасын Ұлттық Банк 2017 жылы іске қосқан болатын. Бағдарлама қолға алынғалы жалпы салмағы 3,67 тоннаға жуық 108 075 алтын құйма сатылды.
Сондай-ақ, екінші деңгейлі банктер мен банктік емес жекелеген айырбастау пунктері жалпы салмағы 437 келі 17 434 алтын құйманы кері сатып алды, бұл – жалпы сатылған алтын құймалардың 16,1%-ы. Олар кері сатып алған алтын құймалардың барлығы дерлік Ұлттық Банктің филиалдары арқылы сатылады.