Курт Дегерман өмір бойы бос банка және бөтелке өткізумен шұғылданған. Дегенмен өзі өмірден өткен соң артынан бірнеше миллион долларлық мұра қалдырған. Дегерманның таңғажайып оқиғасын назарыңызға ұсынамыз.
Курт Дегерман және оның табыс көзі
Көше кезген Курт Дегерманның табысқа жету себебі – биржада сауда жасау. Көптеген инвесторлар нөлден бастап үлкен пайдаға кенелген. Алайда Дегерманның жағдайы мүлде бөлек. Ол түрлі акциялар мен алтынға салым жасау арқылы бірнеше миллион долларды иеленге. Бұған қарамастан ол үйсіз қаңғыбас ретінде өмір сүрген. Алайда оның табысы жайлы ақпарат тек өмірден өткен соң ғана белгілі болды.
Балалық шағы
Бала күнінде Курт Дегерман дарынды оқушы болған. Сыныбының үздігі саналған. Көбісі оны үлкен жетістікке жетеді деп топшылағанымен, бұлай болмады. Жасөспірім кезіндегі психологиялық мәселелер оның арманының орындалуына кедергі болды. Нәтижесінде оқуды тастап, қоғамнан алшақтады.
Дегерман 40 жыл өмірін шведтің Шеллефтео қаласындағы көшелерде өткізді. Бос бөтелке мен сыра банкаларын жинап, күнкөріске ақша тапты. Сырт көзге өзге қаңғыбастармен бірдей болып көрінгенімен, Курт олардан ерекшеленді. Тапқан табысын ішімдік пен өзге де пайдасыз дүниеге құртпады. Тіпті жақындары мен туыстары да оның биржада сауда жасап, құнды қағаздарға инвестиция жасағанын білмеген.
Дегерман және кітапхана
Қаржы саласынан Курт Дегерманның білетіні көп еді. Оның капиталы күннен күнге өсіп отырған. Қай кезде акцияны сатып алып, қай уақытта бағасы түсетініне дейін білген.
Қаладағы бос бөтелкелерді жинап болған соң Курт қалған уақытын тегін муниципиалды кітапханаларда өткізген. Бұл жерде ол экономикалық және сараптамалық газеттерді оқыған. Инвестиция жасауға қажетті ақпараттарды белгілеп алып, биржадағы жаңалықтарды қалт жібермей оқыды.
Курт Дегерманның қазасы және оның атағы
Ұзақ уақыт биржада сауда жасаған Дегерман өзіне жетерлік қаржы жинап та үлгерген. Алайда 2008 жылдың күзінде ол 60 жасында жүрек талмасынан көз жұмған.
Курт Дегерманның байлығы жайлы ақпарат тек қазасынан соң ғана белгілі болған. Оның есепшотынан шамамен $1,4 миллион – 8 миллион кронға тең акциялар мен өзге де құнды қағаздар, банк жәшігінен жалпы құны $300 000 құрайтын 124 алтын құймасы табылған. Сонымен қатар Шеллефтео қаласындағы өзге банктердің бірінде тағы 6,5 мың доллар, ал өзінің шағын үйінде $450 000 сақтаған.
Өзгелерді таңқалдырғаны, Курт Дегерман мұнша ақшасы бола тұра, өмірін өзгертуге еш талпынбаған. Ал оның инвестициялық портфельінде қандай акциялар болғандығы сол күйінде жұмбақ болып қалды.
Курт Дегерман өсиетхатында барлық мұрасын өзінің немере ағасына қалдырғанын жазған. Себебі барлық туыстарының ішінде тек осы ағасы ғана ауруханаға келіп жағдайын сұрап тұрған екен.