“Өткен жылы инвестиция тартуда пандемияға дейінгі деңгейге шыға алдық. Сома 23,7 миллиард АҚШ долларын құрады. Қолымыздағы мәліметке сәйкес, осы жылдың бірінші жартыжылдығында тартылған тікелей инвестиция көлемі – 14,5 млрд АҚШ доллар. Өткен жылмен салыстырғанда 28 пайыз өсім бар. Бұл геосаяси жағдайға, қаңтар оқиғасына қарамастан, инвесторлар республикамызға қатысты оң үрдісті сақтап отырғанын көрсетеді. Инвестиция ағыны 28 пайызға өсті және жыл қорытындысында жоспарлаған 24 млрд АҚШ долларын тарта аламыз деп үміттенеміз”, – деді министр орынбасары Алмас Айдаров.
Алмас Айдаров Мемлекет басшысы таяудағы 7 жылдың ішінде Қазақстан экономикасына сырттан кемінде 150 млрд АҚШ долларын тарту міндетін қойғанын атап өтті.
“Ол үшін белгілі бір жұмыс істелуі керек. Біз үшін ең бастысы – жалпы инвестиция көлемінің өсуі емес, оның сапалы өзгеруі. 2005-2010 жылдарды алсақ, тікелей шетелдік инвестицияның құрылымында бүкіл ақшаның 70 пайызы мұнай-газ саласына тиесілі. Ал соңғы үш жылды алсақ, трендтің өзгергенін көріп отырмыз және мұнай-газ саласындағы инвестиция үлесі – небәрі 45 пайыз. Біз үшін басым мәнге ие салалар – сауда, ақпарат, байланыс, өңдеу секторында инвестиция өсіп келеді”, – деді ол.