Бұрын басқа адамның куәлігімен кредит рәсімдегендер туралы жиі еститінбіз. Соңғы жылдары мұндай оқиға өте сирек. kazbusiness.kz неге бұлай болғанын анықтау үшін зерттеу жүргізіп көрді.
Байқасақ банктер сақтықты күшейткен. Өйткені соңғы кезде онлайн несиелендіруге көңіл бөле бастады. Ал алаяқтар компьютердің ар жағында отырып, кез-келген адамның құжатын пайдалануы мүмкін. Әрине банктер бірінші кезекте мұндайға жол бермеуге тырысады. Сондықтан қаржы институттары скорингтік жүйені жетілдіруге кірісіпті. Скорингтік жүйе дегеніміз – клиент туралы деректерді салыстырып, тексеріп, тұлғасын әрі өтініш берушінің төлем қабілетін анықтайды. Бұл арқылы банкке өтінішпен келген клиент бірнеше сатылы тексеруден өтеді. Мысалы: сіз басқа адамның куәлігімен банкке бардыңыз. Сіз берген мәліметтер бірнеше сатылы тексеруден өтеді. Мұны сіз байқамауыңыз да мүмкін.
1) Автоматты салыстыру. Банк қызметкері чипі бар жеке куәлікті оқитын арнайы құрылғыға салады. Жүйе ондағы мәліметтермен қатар куәліктегі суретті автоматты түрде оқып, мәліметті экранға шығарады. Егер бұған дейін банкке келген болсаңыз, жүйеде сақталып қалған суретпен куәліктегі суретті салыстырады.
2) Менеджер сізді суретке түсіріп, өзі салыстырады. Сурет жүйеге енгізіліп, жеке куәліктегі суретпен тағы салыстырылады. Егер жеке куәліктегі адам басқа болса бірден анықталады. Өйткені куәліктегі адамға ұқсау үшін пластикалық ота жасатқанның өзінде көзіңіздің ішкі қабатын сүзгіден өткізу арқылы кім екеніңізді анықтай алады. Яғни менеджер қателескен жағдайда жүйе қателесуі мүмкін емес.
Бөтеннің куәлігімен келген жағдайда жүйе несиені мақұлдаудан бірден бас тартады және бұл туралы қауіпсіздік қызметіне ақпарат беріледі. Ары қарай не боларын өзіңіз сезе беріңіз…
Басқа ойлы банк қызметкері де таныстарына көмектесе алмайды. Өйткені куәлік мәлімет оқитын құрылғыға енгізілген соң ол туралы барлық ақпарат бірден жүйеден көрінеді. Бұрын банктерде алғаш барсаңыз мәліметтерді қолмен теріп базаға енгізетін. Келесі жолы ЖСН теріп, ақпарат шығаратын. Енді чипті куәліктегі ақпарат жүйеде бірден көрінеді және адамның араласуына мүмкіндік жоқ. Алдағы уақытта банктердің көпшілігінде ЖСН арқылы ақпарат алу тоқтап, тек куәлікті автоматты оқу жүйесіне көшпекші. Сондықтан, қазір қолыңызда ескі үлгідегі жеке куәлік болса чипті куәлікке ауыстырғаныңыз дұрыс.
Бұдан бөлек бөлімшеде несие алуға келген әрбір адамның сөзі жазылып, видео түсірілім жасалады. Сонымен қатар, бірқатар банктерде кредит рәсімдеу телефонға смс жіберу қызметі бар. Егер базада куәлік иесінің нөмірі болса оған бірден кредитке өтініш бергені туралы хат жіберіледі. Оқып отырғаныңыздай тексеру күшейген. Яғни бөтен адамның куәлігімен кредит рәсімдеу еш мүмкін емес.
Дәл осындай скорингтік жүйе банкоматтарға да енгізіліп жатыр екен. Болашақта басқа біреудің картасымен алуға барып, пин кодын білсеңіз де банкомат түріңізді сканерлеп, карта иесі емес екеніңізді анықтаса, ақша беруден бас тартады.
Дәл осы қызметтерді алғаш болып енгізген Kaspi өкілдерінің айтуынша «бұл жүйе енгізілгелі бері басқа адамның куәлігімен кредит алу оқиғасы тіркелмеген». Бұл банкте скорингтік жүйе 2017 жылдың ақпан айында іске қосылған.
Алайда, кейбір банктердің әлі де мұндай жүйе қосып үлгермегенін ескерсек, жеке куәлігіңізді жоғалтып алған жағдайда төмендегі әрекеттерді жасағаныңыз жөн.
Жоғалған заттарды іздеу бюросына құжат жоғалтқаныңызды хабарлап, іздеуге өтініш беріңіз
Егер алаяқтың фактлері болса, іздеу бюросы сіздің хабарласып, жоғалғаны туралы өтініш бергеніңізге дәлел бола алады
Құқық орғау органдарына арыз жазыңыз
Құжатыңыз жоғалғанын білсеңіз бірден арыз жазыңыз. Уақыт созып жүрсеңіз, алаяқтық фактлерін дәлелдеу қиын.