Қор нарығы бұрын біз үшін әдеттегі қаржылық термин секілді естілсе, қазір ол жайында санамызда белгілі бір түсінік пайда бола бастады. Нарықта түрлі инвестициялық өнімдер ұсынатын компанилардың пайда болуы өз кезегінде халықтың қор нарығы мен оның жұмысы туралы сауатын да арттыруда.
Қазақстанда екі қор нарығы бар – Қазақстан қор биржасы (KASE) мен Астана халықаралық биржасы (AIX). Бұл екі қор нарығында инвесторлар түрлі бағалы қағаздарды – компания акцияларын, облигацияларын, пайларды, мемлекеттік бағалы қағаздарды және басқа да қаржы құралдарын сатып ала алады. Ал биржа осы мәмілердің қалай жүзеге асқанын бақылап, барлық тараптың өз міндеттемесін дұрыс орындауын қадағалап отырады.
Компаниялар қор нарығы арқылы өзінің жағдайын жақсарта алады. Компания табысы өскен сайын оның акциясы да қымбаттай береді, сәйкесінше акционерлер табысы да көбеюі мүмкін. Мысалы, 24 тамыз күні «ҚазАтомӨнеркәсіп» АҚ акциясы Лондон қор биржасында бірден 8,31% қымбаттап кетті. Оның себебі, бір күн бұрын компания 2022 жылдың бірінші жартыжылдық есебін жариялаған еді. Есепте компанияның өндірісі мен қаржылық көрсеткішінің былтырғыдан да жоғары өсіп жатқаны көрсетілген. Яғни компаниядағы жағымды жаңалықтардан кейін нарықта сұраныс артып, бұл өз кезегінде акцияның қымбаттауына алып келді.
Жыл соңына дейін «ҚазМұнайГаз» АҚ өз акцияларын IPO-ға шығармақ. Яғни, ұлттық компания акциясын енді қарапайым азаматтар да сатып ала алады. Бұл – жеке тұлғалар үшін тамаша мүмкіндік. Егер алдағы уақытта мұнай бағасы арта берсе және салалық компания жаңа кен орындарын ашып, мұнай өндіру қарқынын арттырар болса, онда акция құны одан әрі өсе береді және бұл акционер үшін өте тиімді болмақ.
Бастауыш инвесторларға кеңес
Инвестиция салу белгілі бір мамандардың ғана айналысатын кәсіби қызмет емес. Кез келген адам инвестор бола алады. Алайда ол үшін қор нарығының негізгі заңдылықтарынан хабардар болу қажет. Сондықтан, инвестиция негіздері бойынша базалық білім алу маңызды. Қор нарығы туралы базалық білім алғаннан кейін лицензиясы бар брокерлерді іздеу қажет. Өйткені, кез келген құнды қағазды инвестор өз бетінше сатып ала алмайды, ол үшін брокерлердің қызметіне жүгіну керек.
Брокер сізге ақшаңызды қандай акцияға бағыттау керек, сатып алу мен сатуды қай кезде жүзеге асырған жөн деген мәселе бойынша кеңес бере алады.
Ал білікті брокерді қалай таңдаймыз? Әрине, бірінші кезектегі әңгіме – заңды жұмыс істейтіндігінде, себебі олардың міндетті түрде лицензиясы болу қажет.Қазақстандық тіркелген заңды брокерді сіз мына үш ұйымнан таба аласыз:
• Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінен;
• Ұлттық Банктен (Ұлттық банк қазіргі уақытта лицензия берумен айналыспайды, бірақ бұрын берілген лицензиялар заңды саналады);
• «Астана» халықаралық қаржы орталығына қарасты Қаржы қызметтерін реттеу комитеті.
Сонымен қатар, егер брокер қазақстандық емес, шетелдік болса, ондай жағдайда оның тіркелген елінен алған лицензиясы болуы шарт. Егер қазақстандық лицензиясы да, өзге елдің де лицензиясы болмаса, демек ол компания – потенциалды жалған брокер.
Енді брокердің сапасына келейік. Жұмыс істеуге рұқсаты бар лицензиядан бөлек брокерді мына критерийлерге қарай таңдағаныңыз жөн:
• Халықаралық рейтингтік агенттіктердің берген бағасы;
• Меншікті капиталының көптігі;
• Айналымда жеткілікті қаражатының болуы;
• Табысының жоғары болуы (өйткені өзі табыс таба алмаған брокер инвесторларға да табыс тауып жарытпайтыны түсінікті).
KASE пен AIX-тағы тәжірибесі сан қатпарлы білікті брокермен жұмыс істесу – сәттіліктің бірден бір кепілі. 100 пайыз болмаса да, тәжірибелі брокер желдің қайдан соғарын алдын ала біледі, сәйкесінше сіздің стратегияңызды ықтимал тәуекелдерден қорғай алады. Ондай брокерді табу үшін жоғарыда аталған талаптарға сәйкес келетін компанияны іздеңіз. Аталған критерийлерге сай келетін, қазақстан нарығында жұмыс істеп жатқан компаниялар жеткілікті. Солардың бірі Freedom Broker. Неліктен? Себебі, Freedom Holding Corp АҚШ-та да тіркелген және АҚШ-тың құнды қағаздар бойынша комиссиясының алдында есеп береді.
Бірақ естен шықпауы тиіс жалғыз қағида бар, ол – жауапкершілік пен тәуекелдің әркез өзіңізде болатыны. Ешқандай компания сізге кірістілік бойынша кепілдік бере алмайды.
Егер қандай да бір ұйым өзін брокер немесе инвестициялық қор ретінде өзін таныстырып, сізге жоғары табыс немесе жүз пайыз табыс табатыныңызға кепілдік берсе, бірден біліңіз, ол – жалған брокер.
Сонымен қатар, тағы бір маңызды мәселе – салатын қаражатыңыздың көлемі. Кез келген кәсіби маман бастауыш инвесторға мынадай кеңес береді:
• Соңғы ақшаны салмау;
• Инвестицияны жоғалтқан кезде өкінбейтін сома салу;
• Эмоцияға берілмеу;
• Барлық қаражатқа бір компанияның құнды қағазын алмау (кемінде үш жерге бөліп салу);
• Бірнеше компанияға салғанда да бірдей кәсіппен айналысатын компанияға салмау (өйткені нарықтағы бір салада дағдарыс болғанда сол саладағы барлық компаниялардың жағдайы қиындайды);
• Әр түрлі кәсіппен айналысса да бір елдің немесе юрисдицияның компаниясына салмау (әр түрлі саладағы компания бола отырып, бірақ бір елдің компаниясы болса және ол елде дағдарыс болса, аталған компаниялардың да жағдайы қиындауы әбден мүмкін).
Қазақстан қор нарығы, оның эмитенттері және құнды қағаздары
Қазақстанда екі бірдей қор нарығы – KASE және AIX бар екенін жоғарыда айтып өттік. Компания бағалы қағаздарын сатып алушы адамды «инвестор» деп атасақ, құнды қағаздарды нарыққа шығарумен айналысатын компанияларды биржа тілінде «эмитент» деп атайды. Бұл екі ортада жұмыс істейтін делдалдар бар, олар – брокерлік ұйымдар, банктер, басқарушы компаниялар және дилерлер.
Қазақстан қор биржасы мәліметінше, 1 қыркүйектегі деректерге сай, KASE-де 237 эмитенттің 578 құнды қағаздары бар. Ал AIX биржасында 88 эмитенттің 125 құнды қағазы саудаланады. Эмитенттердің ішінде – «ҚазМұнайГаз», Halyk Bank, KEGOC сияқты отандық, Apple, Mastercard, Tesla, American Airlines секілді алпауыт шетелдік компаниялар бар екенін де айта кетейік.
KASE жұмысына Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жауапты болса, AFSA «Астана» халықаралық биржасының жұмысын қадағалайды.
Құнды қағаздардың түрлері: акция, облигация, ETN және т.б.
Қор нарығында салатын негізгі қаржы құралдары мыналар:
- Акция;
- Облигация;
- Пай (инвестициялық қордың құнды қағазы);
Акция дегеніміз – компаниядағы үлес. Егер сіз «KEGOC» АҚ-ның бір акциясын сатып алсаңыз, демек сіз – ұлттық компанияның акционерісіз. Компания пайдаға кенелсе және дивидент төлесе, сіз де лайықты табыс табасыз. Акцияның не қымбаттап кетерін, не құлдырап кетерін болжап білу мүмкін емес. Ал кәдуілгі қарыздық қолхатты облигация деп атайды. Белгілі бір компанияның облигациясын сатып ала отырып, сіз ол компанияға акционер болмайсыз. Былай айтқанда қарызға ақша бересіз. Акцияға қарағанда артықшылығы – компания шығынға батса да сіздің қарызыңызды қайтарып беруге міндетті. Ал берген қарыздың міндетті түрде пайызы болады.
Акцияға қарағанда облигацияның тағы бір тиімділігі – қанша кіріс түсетінін алдын ала білу мүмкіндігі. Сіз компанияға қарызға ақша бере отырып (облигация сатып ала отырып) қай уақытта, қанша пайызбен өзіңізге қайтып келерін нақты білесіз. Тек компания банкрот болған кезде ғана облигация бойынша қарызын өтемеуге құқылы.
Пай, яғни, қандай да бір инвестициялық қорға қаржы құю деген не? Инвестициялық қор бірнеше заңды және жеке тұлғалардың қаражатын басқарады. Қандай акция мен облигацияға қаржы салуды білмейтін жас инвестор осындай қордың көмегін пайдаланса болады. Мұндай қорлар бірнеше компанияның құнды қағазын сатып алып, оны өз үлескерлеріне сатады және осыны пай деп атайды. Мәселен, белгілі бір инвестициялық қор бірнеше компания акцияларын сатып алып, барлығын бір бір қағаз, яғни инвестициялық пай ретінде бөлшек инвесторларға сатады. Ал инвестициялық қорға ақша салған инвестор қордағы барлық компанияның да акциясы мен облигациясына ие болады.
Қорыта айтқанда, қор нарығына инвестиция салғысы келген адам ең алдымен қор нарығы туралы базалық білім алуы керек. Одан кейін лицензиясы бар заңды брокерге жүгінгені жөн. Өйткені, кәсіби брокерлік компанияларда нарықты зерттейтін арнайы сарапшылары болады. Солардың көмегімен инвестор тәуекелі аз, табыс табу мүмкіндігі жоғары құнды қағаздарды таңдай алады. Сонымен қатар, бастауыш инвестор үшін ең алдымен соңғы ақшасын салмау, жоғалтқан жағдайда өкінетіндей үлкен сома салмау және барлық қаражатын бір ғана немесе ұқсас компанияларға салмағаны жөн.