Әмиян – ақшаның үйі. Ең алдымен әмияныңызды тексеріңіз. Оны ауыстыратын кез келген жоқ па? Ескірген, жыртылған болса бірден ауыстырып тастаңыз. Әмиян таңдау барысында мына кеңестерге құлақ түріңіз: Әшекейлісіне жүгірмеңіз. Өйткені ақша өзімен байыпты қарым-қатынас жасағанды ұнатады. Қызыл түс ақша шақырады, егер ол түсті тым ашық десеңіз, онда қою қызыл не классикалық қара түрін таңдауға болады. Дәл әмиянға келгенде үнемдеудің қажеті жоқ, таза былғарыдан жасалғанын алыңыз. Әмиянға ақша толығымен сыйып тұруы керек. Ақшаны төрт бүктеп салуға болмайды. Әмияныңыздағы артық заттарды, туыстарыңыздың суретін алып тастаңыз. Әмиян бос қалмауы керек, оның ішінде кем дегенде 200 теңге жүрсін. Егер олай жасай алмаймын десеңіз, ақшаңызды долларға айырбастап, әмиянға салып қойыңыз. Ол сізге ақша шақырып тұрады. Содай-ақ ескі, жыртылған, біреудің жазуы бар купюраларды бірінші жұмсауға тырысыңыз. Кассада есеп айырысқан кезде ақшаны сатушының қолына бермеңіз. Азын-аулақ тыйын болса да қалған ақшаңызды алыңыз. Ақшаға немқұрайлы қарауға болмайды.
Егер ақшаны үйде сақтауды жөн көрсеңіз, онда ірі купюралармен жинаңыз. Сонымен бірге оны күн сайын санап отырыңыз. Өйткені ақша қозғалысты жақсы көреді. Әмияныңыздың ішін ешкімге көрсетпеңіз. Егер ішінде ақша көп болса мүлдем көрсетуге болмайды. Бұл өзгелердің қызғанышы мен жаман ойын тудыруы мүмкін.
Қас қарайған соң ешкімге ақша беріп, қарыз алмаңыз. Егер сондай жағдай бола қалса, қаражатты жерге қойып беріңіз. Жалақыңыз немесе басқа да ақша түссе, оны бірден жұмсап тастамаңыз. Ақшаны алдымен үйге әкеліп, шаңырақта ұстау керек. Егер ақшаға құрметпен қарап, жақсы көрсеңіз, ол сізден ешқашан кетпейді. Керісінше, екі есе табысты болып оралады. Еске сала кетсек, бұған дейін адам баласын кедейлікке ұрындыратын әдеттердің тізімін жазған едік.