2022 жылғы 22 желтоқсанда Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Банкроттық туралы заң) қол қойды. Бірақ ол ресми жарияланғаннан кейін 60 күн өткеннен соң әрекет ете бастайды. Бұл дегеніңіз, қарыздары бар, сол қарыздарын өтей алмайтын азаматтардың 2023 жылғы 3 наурыздан бастап банкроттыққа өтініш бере алатынын білдіреді.
Банкроттық туралы заң рәсімнің үш түрін көздейді, олар – соттан тыс банкроттық, сот арқылы банкроттық және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру. Аталған рәсімдерге тек қарыз алушының өзі бастамашы бола алады, яғни кредитор борышкердің банкроттығына өтініш беруге құқылы болмайды.
Соттан тыс банкроттық қашан қолданылады?
Қарыз алушы-жеке тұлғаның банктердің, микроқаржы ұйымдарының, коллекторлық агенттіктердің алдындағы берешегі 1600 айлық есептік көрсеткіштен (2023 жылы бұл 5 млн 520 мың теңге) аспайтын болса, онда ол соттан тыс банкроттық рәсімін қарастыра алады. Бірақ қарыз алушы төмендегідей кейбір талаптарды сақтауы керек:
– оның атына тіркелген, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік болмауы керек;
– өтініш берілген күні, қатарынан 12 ай ішінде ол кредиторлардың, коллекторлардың алдында міндеттемелер бойынша төлем жасамаған болуға тиіс;
– мерзімі өткен берешек туындаған уақыттан бастап 18 айдан аспайтын мерзімде борышкерге қатысты кредиттік шарт бойынша орындалмаған міндеттемелерді реттеу немесе өндіріп алу жөніндегі рәсімдер жүргізілген болуға тиіс;
– өтініш берілген күні ол 7 жыл бойы банкроттықты қолданбаған болуға тиіс.
Сондай-ақ соттан тыс банкроттыққа өтініш берілген күні 5 жылдан астам уақыт бойы өз берешегін өтемеген қарыз алушы-жеке тұлғалар жүгіне алады.
Назар аударыңыз!
Алты ай бойы атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алатын борышкер кешіктірілген мерзімді ескерусіз аталған рәсімді қолдануға өтініш бере алады.
Аталған рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі.
Өтінішті қалай беруге болады?
Өтінішті 2023 жылғы 3 наурыздан бастап «электрондық үкіметтің» www.egov.kz. веб-порталы арқылы беруге болады. Қазіргі уақытта тестілеуден өтіп жатқан ақпараттық жүйе арқылы борышкердің қажетті өлшемшарттарға сәйкестігі тұрғысынан мүдделі мемлекеттік және өзге де органдардың деректерімен автоматты түрде салыстырып тексеру жүргізілетін болады.
Өтінішке кредиторлардың атауын, берешек сомасын, орналасқан жерін көрсете отырып кредиторлардың тізімі; борышкердің банктік қарыз шарты және (немесе) микрокредит беру туралы шарт бойынша берешекті реттеу және (немесе) өндіріп алу шараларын қабылдағанын растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.
Сот арқылы банкроттық қашан қолданылады?
Азаматтар аталған рәсімді 1600 АЕК-тен астам борыштар бойынша (2023 жылы – 5 млн 520 мың теңге) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады.
Сот арқылы банкроттық барысында борышкердің мүлкі сауда-саттық кезінде сатылады. Алайда, бұл жерде ескеретін тұстар бар. Кредитор сот арқылы банкроттық барысында борышкердің жалғыз баспанасын тек ол кепіл нысанасы болған жағдайда ғана алып қоюға құқылы.
Қалған өтелмеген сома борышкердің жосықсыздығы белгілері болмаған жағдайда есептен шығаруға жатады, яғни мүлікті немесе ол туралы ақпаратты жасыру, жалған ақпарат ұсыну және т.б.
Сот арқылы банкроттық рәсімін қаржылық басқарушылар жүзеге асырады, олардың құрамына:
– заңды тұлғалардың және ДК банкроттығы рәсімін жүзеге асыратын әкімшілер;
– кәсіби бухгалтерлер;
– заң консультанттары;
– аудиторлар кіреді.
Қаржылық басқарушылардың көрсететін қызметтері ақылы болып келеді. Олардың қызметтеріне ақы төлеу борышкердің мүлкі есебінен жүргізіледі ( бір айдағы 1 ЕТЖ, 2023 жылы – бұл 70 мың теңге). Халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын, мүлкі жоқ тұлғаларға қаржылық басқарушылар қызметті тегін көрсетеді. Қаржылық басқарушылардың тізімі (Тізілімі) ҚР Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында жарияланады.
Назар аударыңыз! Осы рәсімді қолдану барысында борышкерге:
– мүлікті иеліктен шығару немесе жаңа міндеттемелер қабылдау бойынша мәмілелер жасасуға (қарыздар алу, кепілдіктер мен кепілгерліктер беруге);
– шетелге шығуға тыйым салынады. Осы рәсімді қолданғаннан кейін борышкерге «банкрот» мәртебесі беріледі.