2021 жылғы 24 мамырда Қазақстан Президенті Қ.К. Тоқаевтың «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы банктік, микроқаржылық және коллекторлық қызметті реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойғанын еске саламыз.
Мерзімі өткен берешегі бар қарыз алушы-жеке тұлғалар өз кредиттерін немесе микроқарыздарын қайта құрылымдау мәселелерін құқықтық ая шеңберінде азаматтардың өтініштерін қарауға міндеттелген кредиторлармен тікелей шеше алады.
Реттеудің жаңа тетігіне сәйкес, банктер мен МҚҰ қарыз алушыны мерзімі өткен сәттен бастап 20 күн ішінде туындаған мерзімі өткендігі туралы хабардар етуге міндетті. Хабарламада кредиторлар сондай-ақ туындаған мерзімін өткізіп алудың нақты мөлшерін көрсете отырып, төлемдер енгізу қажеттілігі туралы азаматтарды хабардар етуге, олардың банкке немесе МҚҰ-ға жүгіну құқығы және кредиттер мен микрокредиттер бойынша өз міндеттемелерін орындамау салдары туралы айтуға тиіс.
Қарыз алушылар кредиторға қай кезде жүгінуі қажет?
Қарыз алушылар мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде қарыздарды қайта құрылымдау үшін кредиттік ұйымға жазбаша өтінішпен немесе кредиттік шартта көрсетілген басқа тәсілмен жүгінуі керек. Өтініште мерзімін өткізіп алудың немен байланысты болғанын көрсету, ықтимал қайта құрылымдаудың өз нұсқаларын ұсыну және кірістердің төмендегенін және өз міндеттемелері бойынша төлем жасаудың мүмкін еместігін куәландыратын растайтын құжаттарды ұсыну қажет.
Қарыз алушының өтініші міндетті түрде қабылдануға, тіркелуге, есепке алынуға және банк пен МҚҰ-ның қарауына жатады. Толық емес мәліметтер ұсынылған кезде қарыз алушы оларды қаржы ұйымынан хабарлама алған күннен бастап 5 жұмыс күні ішінде ұсынады.
Қарыз алушының өтініші қанша уақытта қаралады?
Кредитор қарыз алушыдан құжаттардың толық топтамасын алғаннан кейін өтінішті қарайды, бұл ретте қарыз алушының ағымдағы қаржылық жағдайы (төлем жасауға қабілеттілігі), әлеуметтік жағдайы, кепілге салынған баспананың жалғыз болуы, қарыз бойынша міндеттемелерді адал орындау сияқты факторларды ескереді.
Кредитор күнтізбелік 15 күн ішінде жауап беруге, атап айтқанда, қарыз алушы ұсынған банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарына өзгерістерді қабылдай отырып, келісім беруге, банктік қарыз/микрокредит шартының талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беруге немесе себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып бас тартуға тиіс.
Қарыз алушы немесе кредитор ұсынған қайта құрылымдау талаптары мынадай түрде болуы мүмкін: сыйақы мөлшерлемесін төмендету, төлемді кейінге қалдыру, өтеу әдісін өзгерту, қарыз мерзімін ұлғайту, борыш жүктемесін азайту (мерзімі өткен негізгі борыш, сыйақы, айыпақы және төлемдер мен комиссиялардың өзге де түрлері), ипотеканың мәні болып табылатын жылжымайтын мүлікті дербес өткізу немесе кепіл мүлкін кредиторға беру, сатып алушыға міндеттемені бере отырып, жылжымайтын мүлікті өткізу арқылы бас тарту төлемін беру. Шарттың талаптарына өзгерістер енгізу банк осындай шешім қабылдаған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде жүзеге асырылады.
Егер ымыраға келу жолы табылмаса не істеу керек?
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау талаптары бойынша кредитормен келісімге қол жеткізе алмаса, ол ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы. Бұл ретте қарыз алушы банкке немесе МҚҰ-ға өзінің өтінішінің және өзара қолайлы шешімге қол жеткізбеуінің дәлелдерін міндетті түрде ұсынуға тиіс. Агенттік өтініш берушінің өтініші негізінде өз өкілеттіктері шеңберінде кредиторға қатысты құжаттамалық тексеру жүргізуге бастама жасайды және тексеру іс-шаралары аяқталғаннан кейін мәселені жан-жақты қарауға және кредитордың қабылдаған шешіміне қатысты кредиттік ұйымның іс-қимылына баға береді. Осы кезеңде кредитор халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын борышкерлердің кепілге берілген мүлкін өндіріп алу рәсімін бастауға құқылы емес.
«Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңның 68-бабына сәйкес халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына Ұлы Отан соғысының ардагерлері және оларға теңестірілген адамдар, ұрыс қимылдарының ардагерлері, 1 және 2-топтағы мүгедектер, мүгедек балалары бар немесе оларды тәрбиелеуші отбасылар, кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерімен ауыратын адамдар, жасына қарай зейнет жасына шыққан зейнеткерлер; жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, қандастар, экологиялық зілзалалар, табиғи және техногенді сипаттағы төтенше жағдайлар салдарынан тұрғын үйінен айырылған адамдар, көп балалы аналар және көп балалы отбасылар, мемлекеттік немесе қоғамдық міндеттерін, әскери қызметін орындау кезінде қаза тапқан (қайтыс болған) адамдардың отбасылары жататынын атап өтеміз.
Кредит – бұл жауапкершілік!
Болашақта мұндай проблемаларды болдырмас үшін кредиттер мен микрокредиттерді рәсімдеу мәселелеріне зерделеп, мұқият қараңыз. Қарыз алушы кредиттің жауапкершілік екенін және кез келген кредитті қайтару керектігін нақты түсінуге тиіс. Мұның бәрі кредиттік ұйымға бармас бұрын қаржылық мүмкіндіктеріңізді бағалау кезінде ескерілуі керек. Сондай-ақ борыш жүктемесі коэффициенті туралы еске саламыз, яғни қарыз алушының ай сайынғы төлемі оның ресми табысының жартысынан аспауға тиіс.
Шартқа қол қояр алдында оны мұқият оқып шығыңыз. Кредитормен шарт жасаспас бұрын мыналарға ерекше назар аудару қажет: қарыз/микрокредит беру мерзімі; сыйақы мөлшерлемесінің түрі: тіркелген немесе өзгермелі; жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің мөлшері; ай сайынғы төлем мөлшері және өтеу әдісі; шарт бойынша міндеттемелер орындалмаған жағдайда қарыз алушының жауапкершілігі және ықтимал тәуекелдері туралы ақпарат.
Шартта сондай-ақ банктің сіздің банктік шоттарыңызға түскен немесе жаңадан түскен қаражатты даусыз тәртіппен өндіріп алу құқығы туралы көрсетіледі. Банк борыш сомасын өндіріп алу туралы сотқа талап-арызбен жүгіне алады, соттан тыс немесе сот тәртібімен өндіріп алуды кепілге қолдана алады, берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге бере алады.