Қаржылық алаяқтарды кез келген қызмет саласында кездестіруге болады. Тәжірибе көрсеткендей, олар көбінесе өз мақсаттарына жету үшін өздерін банк қызметкерлері немесе мемлекеттік органдардың қызметкерлері ретінде көрсетеді. Интернетте ақша тапқысы келетіндер санының артуымен әртүрлі инвестициялық және брокерлік компаниялардың ұсыныстары тез және оңай өсті. Алайда, адамдар әрқашан олармен брокердің өзі емес, епті де әккі алаяқ сөйлескенін білмей жатады.
«Мен бір брокерлік компанияның сайтында өтінім қалдырдым, олар маған қайта қоңырау шалып, олар көрсететін қызметтер туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Мен брокерге нақты сұрақтар қойып, толық жауаптар алдым. Брокер маған басқа компанияларға қарағанда бірнеше есе көп табыс табуға уәде берді, өйткені олар шетелдік қор нарықтарындағы компаниялардың акцияларына ақша салады. Иә, және олардың бас кеңсесі Ресейде орналасқан «рейтингтік» ұйымы бар. Олардың өз сайты бар, брокердің айтуынша, бұл ұйымның кәсібилігі мен жоғары беделін көрсетеді. Мен сендім. Ол маған электронды пошта арқылы шарт жіберді, мен оны толтырып, кері жібердім. Неге екені белгісіз, бұл қарыз шарты болды, бірақ мен бұған назар аудармадым. Төлем жүйесі арқылы мен оларға ақша аудардым, олар маған күте тұруды айтты… содан кейін олар бірдей мөлшерде ақша салу қажеттігін айтты, өйткені бұл инвестиция және олар жақсы дивидендтер түрінде өз жемісін береді-мыс… Мен ақша аударымын жасап, бірнеше апта күттім. Олар мені үнемі қор биржаларында ойнау арқылы қанша ақша тапқаным туралы хабардар етті. Сан күн сайын өсті, мен шоттан ақша алуға шешім қабылдаған кезде, олар төлем жасауды талап етті. Бұл маған күдікті болып көрінді. Мен бұл алаяқтар екенін түсіндім, олар байланысуды тоқтатқаннан кейін телефон өшіріліп, сайт бұғатталды…».
Брокерлер мен жалған брокерлер дегендер кімдер?
Брокерлер – бұл қор биржасындағы сауда-саттыққа қол жеткізе алатын арнайы делдалдар. Бұл лицензияланатын қызмет түрі. Брокерлер уәкілетті органның – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің лицензиясы негізінде және брокерлік қызметтер көрсету туралы тиісті шарт жасалған жағдайда ғана жұмыс істейді. Қаржы делдалдарының қызметі ҚР Азаматтық кодексімен, «Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңымен және еліміздің басқа да нормативтік құқықтық актілерімен қатаң реттеледі.
Брокердің алаяқ емес, нағыз брокер екендігіне көз жеткізу оңай: ол үшін ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында оның бағалы қағаздар нарығында кәсіби қызметті жүзеге асыруға лицензиясының бар-жоғын тексеру жеткілікті. Қаржы реттеушісінің интернет-ресурсында көрсетілген брокердің барлық деректемелері лицензияда көрсетілген деректемелерге сәйкес келуі тиіс.
Жалған брокерлер – бұл қаржы нарықтарында сауда-саттықтың тартымды шарттарын ұсынатын тапқыр алаяқтар. Олар клиенттерден мүмкіндігінше көп ақша алуға тырысады, содан кейін іздерін суытады.
Алаяқтар сенімшіл азаматтарға қатысты қандай жосықсыз әрекеттер жасайды?
1. Жалған брокерлер адамның атына жеке кабинет ашады. Салымдардың сомасы пайдаланушының жеке кабинетіндегі баланста көрсетіледі.
2. Пайдаланушы белгілі бір соманы енгізеді. Қалған сома компанияның есебінен толықтырылады.
3. Содан кейін компания белгілі бір мөлшерде «есептелген» бонустарды ұсынады.
4. Пайдаланушы «компания қызметкерлері» ұсынатын компанияның деректемелерін тере отырып, Qiwi-кошелек арқылы ақша аударады.
5. Алаяқтар «компанияның өзі шетелде» деген айланы жиі қолданады. Сондай-ақ, жалған брокер аңғал азаматты өзінің сенімді екендігіне иландыру үшін ұзақ уақыт жұмыс істейтінін және оған сенім артуға болатындығын айтады.
6. Шот қаражат түскен сайын үнемі өсіп отырады, әрине бұл пайдаланушының сайтта мәмілелер жасауға деген ынтасын одан сайын арттыра түседі.
7. Мәмілелер сайттың талдаушысы арқылы «жасалады», ол компьютерге Any Desk және тағы сол сияқты бағдарлама арқылы қосылады. Байланыс, әдетте, телефон арқылы немесе Skype арқылы жүзеге асырылады.
8. Алаяқ брокер 2 ірі жобаны ұсына алады, олар үшін Сіз жеткілікті мөлшерде ақша салуыңыз керек болады. Алайда, алаяқтар алдымен ұялы телефонға сауда платформасын орнатуды ұсынады, онда пайдаланушыға жеке кабинетке кіру ұсынылады, бірақ осындай ірі мәмілелерден кейін алаяқтар шотты нөлге айналдырылады және ақша жоғалады.
9. Шоттан белгілі бір ақша сомасын алғыңыз келсе, бұл жағдайда алаяқтар сізге кейінірек ақшаны сақтандыру үшін салық төлеу керек деп айтады, олар компания сақтандыру төлемін төлей алады, бірақ бір айдан кейін ғана, ал егер клиент ақшаны сауда платформасынан алғысы келсе, онда ол осы сақтандыру төлемін өзі төлеуі керек дейді. Сақтандыру төлемі, әрине, көп ақша тұрады.
10. Кейін поштаға ақшаны шығару үшін тағыда бір сома төлеу керек, өйткені ақша басқа елде валюталық бақылауда тұрғаны жөнінде жалған хат келеді.
Жалған брокердің тұзағына қалай түспеуге болады?
1. Өз ақшаңызды сеніп тапсырғыңыз келетін брокерлік қызметті жүзеге асыратын ұйымның лицензиясының болуын тексеріңіз.
2. Лицензияның болуын тексергеннен кейін брокерлердің сенімділігін басқа көрсеткіштер бойынша бағалау қажет. Рейтинг, қаржылық көрсеткіштер, акционерлер – осы өлшемшарттардың барлығы брокердің сенімділігі туралы куәландырады. Мысалы, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің сайтында брокерлер (акционерлер, басшылық, байланыстар, қолданылған ықпал ету шаралары мен санкциялар) бойынша жалпы мәліметтер орналастырылған.
3. Келесі қадам -қызметтердің бағаларын салыстыру (бірнеше брокерлер арасынан таңдағанда). Брокерлік компаниялар өздерінің тарифтерін өздерінің сайттарында жариялайды. Олардың негізгілері брокердің комиссиясы, депозитарий көрсеткен қызмет үшін комиссия, шотқа қызмет көрсету үшін комиссия, терминалды және биржадағы операцияларға арналған арнайы бағдарламаларды пайдаланғаны үшін комиссия, биржалар комиссиясы. Қосымша қызметтерге мыналар жатады: аналитикалық болжамдар, маржиналдық сауда, консультациялық қызметтер және т.б. Осылайша, брокерлік компанияны таңдау үшін алдымен оның сенімділігін, брокерлік компанияның қызмет көрсету шарттары мен тарифтерін зерттеу қажет.
Брокермен келісім жасасқан кезде неге көңіл бөлу керек?
«Бағалы қағаздар рыногы туралы» ҚР Заңы 63-бабының 3-тармағына сәйкес брокер мен оның клиенттерiнiң арасындағы қатынастар ҚР Азаматтық кодексiнде белгiленген тапсырма немесе комиссия шартының нормалары қолданылатын брокерлiк қызмет көрсету туралы шарт негiзiнде туындайды.
Тапсырма шартының нормалары – номиналды ұстау қызметтерін ұсыну бөлігінде, ал комиссия шартының нормалары бағалы қағаздар нарығында брокерлік қызметтер көрсету бөлігінде қолданылады.
Брокерлік шарт жасаған кезде брокердің клиентке:
1) инвестициялық шешімдер қабылдау үшін клиентке қажетті ақпарат беру бойынша қызметтерді;
2) клиентке қаржы құралдарымен мәмілелер жасау туралы ұсынымдар беру бойынша қызметтерді;
3) ықтимал ақпараттық, талдамалық және консультативтік қызметтерді көрсетуіне назар аудару қажет.
Брокерлік шартта маржиналдық мәмілелер жасау талаптары қамтылған-қамтылмағанына назар аударыңыз.
Шартта брокерлік қызмет көрсету мерзімі, брокердің қызметтер үшін тарифтері (комиссия) көрсетіледі. Клиент құжатты мұқият зерделеуі тиіс. Бұл инвестицияларды сақтауды қамтамасыз етудің негізгі факторларының біреуі.
Шарт жасаған кезде брокер клиентті брокерлік қызметті жүзеге асыру тәртібін регламенттейтін ішкі құжаттармен таныстыруы тиіс.
Брокерлік шартта электрондық қызмет көрсету мүмкіндігі көзделуі, электрондық қызмет көрсетудің талаптары мен тәртібі қамтылуы мүмкін. Электрондық қызметтерді брокер клиентке Қазақстан Республикасының бағалы қағаздар нарығында және (немесе) халықаралық бағалы қағаздар нарығында мәмілелер жасау үшін брокердің қор биржасының сауда жүйесімен және (немесе) өзге сауда (ақпараттық) жүйесімен интеграцияланған сауда платформасында клиенттің жеке кабинеті арқылы көрсетеді.
Бұдан басқа, брокерлік шартта брокерге клиенттік тапсырыстарды ұсыну тәсілдеріне нұсқау, брокердің клиенттік тапсырыстарды қабылдауын растау тәртібі және брокердің клиентке клиенттік тапсырыстардың орындалғаны туралы есептерді ұсыну тәртібі, сондай-ақ клиентке хабарламалар жіберу тәртібі мен мерзімдері қамтылады.
Инвестор өз қаражатын қор нарығына инвестициялай отырып, нарықтық тәуекелдерден сақтандырылмаған, нәтижесінде инвестициялар кіріс алғаны сияқты, шығынға да ұшырауы мүмкін. Сондықтан брокер клиентке инвестициялық кіріс алуға және (немесе) инвестициялар бойынша шығынның болмайтынына кепілдік бере алмайды және бермеуі тиіс. Ісін жаңа бастаған инвестордың ешқандай жағдайда қарыз қаражатына, сондай-ақ барынша қысқа мерзімде қажет болуы ықтимал қаражатқа инвестициялауды жүзеге асыруына болмайды.