Бірінші схема – «қарсы» кредиттер, «қауіпсіз» шоттар және «ұяшықтар»
Ықтимал құрбанның мобильдік нөміріне банктің, Қазақстан Ұлттық Банкінің, полиция немесе прокуратура «қызметкерінің» атынан қоңырау түседі. Қоңырау шалушы сіздің атыңызға кредит алып үлгерген алаяқтардың әрекеттері туралы хабарлайды. Оның күшін жою үшін сізге дереу «қарсы» кредит ресімдеу қажет. Ол үшін банк бөлімшесіне бару немесе дұрысы банктің мобильдік қосымшасына кіріп, жаңа кредит ресімдеп, барлық ақшаны (кредиттік және меншікті қаражатты) өз шоттарыңыздан, соның ішінде депозитте сақталған ақшаны «қауіпсіз» шотқа немесе «сақтандыру ұяшығына» аударуыңыз керек-мыс. Мұндай терминдерді тек алаяқтар қолданады!
Қаскүнемдер көп жағдайда құрбандардан олардың түрлі банктерде шоттарының және ақша қаражаты қалдықтарының бар-жоғы жөнінде сұрайды, сондай-ақ олар банк клиентінің өзіне ресімдей алатын кредиттің ең жоғары мөлшерін білу үшін оның ай сайынғы кірісінің мөлшерін нақтылайды.
Азаматтар өз еркімен ақша аударғаннан кейін оны қайтару мүмкін емес, себебі қылмыскерлер қаражатты дереу басқа банк карталарына аударады, содан кейін ақшаны банкоматтар арқылы шешіп алады немесе криптовалютаға айырбастайды.
Әңгіме барысында алаяқтар үнемі әңгімелесушілерді тез шешім қабылдамасаңыз кеш болады деп асықтырып, ақшаңызды жоғалтып алу қауіпі бар деп қорқытады. Олардың басты мақсаты – адамдарды дүрбелеңге салу.
Алаяқтар алдау әрекеттерін телефон қоңырауларынан бастап, ықтимал құрбандарды WhatsApp немесе Telegram желілері арқылы хат алмасумен алдауды жалғастырады. Қаскүнемдер банкте немесе құқық қорғау органдарында жұмыс істейтіндерін дәлелдейтін жалған құжаттарды және «ақшаны үнемдеу туралы» нұсқаулықтарды жібереді. Олар әртүрлі алаяқтық қосымшаларды: Any Desk, TeamViewer және оларға ұқсас қосымшаларды жүктеуді сұрайды, олардың көмегімен банктік қосымша орнатылған басқа біреудің ұялы телефонына қашықтан қосыла алады және карта иесінің қатысуынсыз және келісімінсіз ақша қаражатын ұрлауы мүмкін.
Екінші схема – жоғары кіріс алатын ірі компаниялардың жобаларына «инвестициялар»
Интернет және әсіресе әлеуметтік желілер ірі жобаларға, банктердің, қайта өңдеуші компаниялардың атынан «ғажайып платформаларға» ақша салу туралы ұсыныспен «жалған қаржы компанияларының» жарнамаларына толы. Жалған брокерлер болашақ инвесторларға «байлыққа кенелетін» жоғары кіріс табу көзіне кепілдік беріп, уәде етеді.
Алаяқтар басқа біреудің логотиптері мен брендтерін пайдаланады, әйгілі тұлғаларды «инвестициялық жобаларға» қатысушы ретінде көрсетеді. Мұндай жарнамалардың барлығы жалған, шындыққа жанаспайды және алаяқтық белгілері бар.
Алаяқтардың құрбандары осы схема бойынша өздерінің және кредиттік қаражаттарын жеке тұлғалар – қаскүнемдердің қатысушыларының банктік карталарына аударады. Нәтижесінде олар қандай да бір кіріс көзінсіз, қарыз болып қала береді.
Үшінші схема – тегін хабарландырулар сайттарындағы жалған ақпарат
Сатушыға сатып алушыдан қоңырау немесе WhatsApp арқылы хабарлама түседі, онда сатып алушы тауарды сатып алуға және ақшаны аударуға келісетіні, бірақ басқа қалада не шетелде екенін хабарлайды. Ал шындығында – бұл сатушылардан тауарды курьерлік қызмет арқылы жеткізу туралы өтініш жасайтын алаяқтар. Содан кейін алаяқ WhatsApp арқылы өз құрбанының телефонына сайтқа сілтеме жіберіп, сол сайтта өзінің курьерлік жеткізу үшін төлем жасап қойғанын және тауарды сатып алушыға жеткізу үшін сатушының бар болғаны растауы керек екенін айтады.
Сайтқа өткеннен кейін алаяқ сатушыдан оның төлем түсетін карточкасының деректерін енгізуді сұрайды. Алаяқтың нұсқауларын орындау арқылы ол картаның 16-сандық нөмірін, оның қолданыс мерзімін және картаның артқы жағындағы 3-сандық кодты, сондай-ақ SMS-арқылы келген кодты енгізеді. Содан кейін оның банктік картасынан ақша есептен шығарылады, яғни ондағы тұтастай қаражат алаяқтың картасына аударылады.
Сарапшы атап өткендей, қазіргі уақытта барлық санаттағы және түрлі әлеуметтік топтарға жататын адамдар, әсіресе мүгедек және қарт азаматтар алаяқтардың қармағына ілініп жатады. Ол қаржылық қызметтерді тұтынушыларға бірнеше ұсыным жасады.
Ақшаңызды жоғалтып алмау үшін жеті пайдалы кеңес:
Есіңізде болсын, банк ешқашан клиентті асықтырмайды, себебі күдік пайда болған уақытта банк операцияларды бұғаттайды және содан кейін ғана клиентке қоңырау соғады. Банк қызметкері ешқашан қорқытпайды және клиентке қысым көрсетпейді.
Егер сізге сіздің картаңыз, шотыңыз бойынша жүргізілген рұқсатсыз операциялар туралы хабарлайтын болса және қаражатты «қауіпсіз шотқа», «сақтандыру ұяшығына» аудару туралы өтініш жасаса, онда бұл – алаяқтар.
Егер сізге кредиттің сіздің атыңызға заңсыз ресімделгені жайында хабарлап, оның «күшін жою» мақсатында «қарсы» кредит ресімдеуіңізді өтінсе, хабарласқандар – алаяқтар.
Тек алаяқтар ғана ұялы телефоныңызға Any Desk, TeamViewer қосымшаларын орнатуыңызды/жүктеуіңізді өтінеді.
Абай болыңыз, алаяқтар сіздің дербес әрі төлем деректеріңізге иелік ету үшін, әртүрлі фишингтік сілтемелер жібереді. Сол үшін де, кепілдік берілген жүлделердің әртүрлі ұтыс ойындарын және ақша үшін, оның ішінде тиімді «инвестициялық жобаларға» қатысу үшін сауалнама өткізетін сайттарда картаңыздың нөмірін, оның қолданыс мерзімін және үш таңбалы кодты (CVV/CVC), сондай-ақ SMS-хабарламадан тұратын кодты енгізбеңіз.
Күдікті қоңырау келіп түскенде сізге санкцияланбаған операциялар немесе алаяқтық әрекеттер жайында хабарлаған жағдайда, әңгімені дереу бөліп, банктің төлем картасының келесі бетінде көрсетілген телефон нөмірі арқылы болған жайды хабарлауыңыз немесе банк бөлімшесіне баруыңыз қажет. Банк қызметкерлері одан кейінгі әрекеттерді түсіндіреді.
Егер сіз алаяқтарға өзіңіз әрі өз картаңыз жайында конфиденциалды ақпаратты хабарлап үлгерсеңіз, онда мобильді банкингтегі аккаунтыңызды (логин) және барлық белсенді карталарыңызды бұғаттау үшін банктің төлем картасының келесі бетінде көрсетілген телефон нөмірі арқылы болған жайды хабарлауыңыз, сондай-ақ құқық қорғау органдарына жүгінуіңіз қажет!
(*Авторские права)
Источник: https://fingramota.kz/kk/post/bankten-tsken-oyrau-alayatar-senip-shadan-alaj-ajyrylyp-alu-bolady