ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Алматы облысы тұрғындарымен кездесті. Онда Алматы облысының тұрғындары шағын өнеркәсіптік аймақтардың қызметін жолға қойып, өз ісін бастауға бекініп отырған жас кәсіпкерлерге тиімді несие ұсына отыра мемлекеттік қолдау жолдары қарастырылса деген ұсыныстарын жеткізді. Өз кезегінде ведомство басшысы министрліктің бұған қатысты ұстанымы келесідей деп түсіндірді:
«Шағын өнеркәсіптік аймақтардың мәселесіне келсек, біздің саясатымыз былай. Мысалы, кәсіпорынды ашу үшін оның құрылысына 100 млн теңге қажет делік. Оның 20 млн теңгесін кәсіпкер өзі салса, қалған 80 млн-ды біз қаржылық институттар арқылы жеңілдетілген пайызбен қарызға береміз», – деді Марат Кәрімжанұлы.
Сондай-ақ, ҚР ИИДМ басшысы кәсіпкерлерді Өнеркәсіпті дамыту қорынан қаржыландыру мәселесі туралы да айтты.
«3%-дық қаржыландыру жеңіл өнеркәсіпке қарастырылады. Өйткені ол саланың халықты қажетті өніммен қамтамасыз етуде ауқымы бөлек. Құрылыс саласының материалдарын қаржыландыру 9%-дық мөлшерде жүргізілмек», –деді М.Қарабаев.