MacCoffee Қазақстанға келеді. Нақтырақ айтсақ, Алматы облысында кофе өндіретін зауыт салынады, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Бұл туралы журналист Айбар Олжай өзінің фейсбук парақшасында жазды.
“Келгенде, негізі MacCoffee бізде баяғыдан бар. Тек өндірісі Ресейде болып, бізге WellDis арқылы импортталып келген еді. Ендігі әңгіме – Алматы облысында зауыт салу. Ол туралы LS агенттігі жазады.
MacCoffee брендіне Сингапурдың Fооd Empire корпорациясы иелік етеді. Сингапурлық кәсіпкер Тан Ванг Чоу 90-шы жылдардың басында Қазақстанға сату үшін компьютерлер партиясын алып келгенде, осы бренд идеясын ойлап тапқан. Сондықтан MacCoffee үшін біздің еліміздің маңызы ерекше.
Алматы облысында салынатын өндіріс MacCoffee-нің әлемдегі 10-шы зауыты болмақ.
Жалпы, MacCoffee бірнеше жыл қатарынан бері Орталық Азия мен Ресей бойынша ең көп сатылатын кофе өнімі болып келеді. Өйткені арзан, кофемашина керек емес, қайнаған суға араластырсаң жетіп жатыр.
MacCoffee зауыты Алматы облысының экономикасын едәуір нығайта алады. Себебі, оның алдында тек кедендік пошлина мен дистрибьютордың қосымша құн салығы төленіп келсе, өндірістің бізде болуы тікелей инвестиция мен салық көлемін бірден арттырмақ. Жалпы, Алматы облысы (Жетіген, Бәйсерке, Өтеген батыр) елдегі FMCG секторын (тамақ, тұрмыстық заттар, темекі, тб) алға жетелеп келе жатқан өндірістік өлке. Осы облыстың экономикасы барынша диверсификацияланған және кез-келген кризисте керісінше күшейе береді”.