Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі банк алдындағы қарызын 90 күннен аса төлемеген азаматтарға несие беруге тыйым салуды ұсынды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Агенттік түсіндірмесіне сәйкес, мұндай бастама қазақстандықтардың көп қарыздануының алдын алуға бағытталған.
«Азаматтардың борыштық жүктемесінің одан әрі өсу тәуекелдерін болдырмау үшін екінші деңгейдегі банктердің, сондай-ақ микроқаржы қызметін жүзеге асыратын ұйымдардың қарыздары бойынша мерзімі өткен берешегі 90 күннен асатын тұлғаларға тұтыну қарыздарын беруді шектеу ұсынылады. Бұл ретте проблемалық берешектің өсуін шектеу және қолданыстағы қарыздар бойынша қарыз алушылардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында қарыз алушылардың берешекті қайта қаржыландыруға, оның ішінде неғұрлым тиімді шарттарда құқығын сақтау қажет», – деп түсіндірме берілген.
Айта кеткен жөн, қолданыстағы заңнамада мұндай шектеу жоқ. Жаңа заң жобасы «Ашық» НҚА порталында 6 сәуірге дейін көпшілік талқылауында болады.
Заң жобасымен мына сілтеме арқылы таныса аласыздар:https://legalacts.egov.kz/npa/view?id=14457821