«Әлемдегі ең биік түнгі тау шаңғы трассасы» номинациясы бойынша «Шымбұлақ» тау шаңғы курорты Гиннестің рекордтар кітабына кірді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
«Шымбұлақ» тау шаңғы курортының бас директоры Ринат Абдрахмановқа Guinness World Records офисінің төрешісі Шейд Субаши-Гемиджи әлемдік рекордты растайтын сертификатты табыстады.
Ресми нәтижені бекіткен сертификат теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Талғар асуы» станциясында табысталды.
– «Шымбұлақ» тау курорты әлемдегі ең биік түнгі шаңғы трассасы ретінде ресми түрде Гиннес рекордтар кітабына енгені туралы қуанышпен хабарлаймын. Бұл әлемдегі жаңа рекорд, – деді Guinness World Records офисінің төрешісі.
Аталмыш тарихи жетістікпен қазақстандықтарды ҚР Мәдениет және спорт министрі Асхат Оралов та құттықтады.
– Бұл барша ел үшін үлкен жетістік. Әрине, әлеуетіміз зор, «Шымбұлақ» – еліміздегі туризмді дамытудың негізгі орындардың бірі, – деді министр.
Министрдің айтуынша, қазір ведомствоның араласуымен нақты қадамдар қабылдануда. Мәселен, елде алдағы жеті жылға арналған туризм саласын дамыту тұжырымдамасы әзірленді. Соның аясында жергілікті атқарушы органдармен, серіктестермен, бизнес қоғамдастықпен бірлесіп инфрақұрылымды және туризмімізді дамыту көзделуде.
Ресми іс-шара аяқталған соң, ең биік түнгі тау шаңғысы трассасымен төмен қарай жаппай сырғанау өтті.
Айта кеткен жөн, теңіз деңгейінен 3200 метр биіктікте орналасқан «Талғар асуы» станциясынан түнгі шаңғымен сырғанау 2021 жылдың қарашасында басталған болатын. Тау шаңғы курортының баспасөз қызметінің мәліметінше, 2021-2022 жылғы маусымда түнгі шаңғымен сырғанауға 50 346 турист келген, биылғы көрсеткіш одан 10% есе артық, келушілер саны 55 486 құрады. Сондай-ақ биылғы сырғанау маусымында курортқа 1 миллионнан астам адам келіп үлгерген.