Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламенттің VIII шақырылымының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде жаңа салық саясатын жүргізуді ұсынды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“Салық саясатының жаңа моделі ұлттық байлықтың оңтайлы бөлінуін, экономикалық белсенділіктің жоғары деңгейін және экономиканың басым салаларына нақты қолдау көрсетуді қамтамасыз етуі тиіс. Салық кодексі мен салық саясаты түсінікті және тұрақты болуы керек. Фискалдық органдардың бизнеспен өзара әрекеттесуінің бүкіл процесі ақырында толық цифрландыруды қажет етеді. Бұл кәсіпкерлердің өмірін едәуір дәрежеде жеңілдетуге, сондай-ақ жүйелі негізде бюджетке түсетін түсімдерді ұлғайтуға мүмкіндік береді”, – деді Президент.
Мемлекет басшысы сонымен қатар ірі кәсіпорындар мен шикізат экспортымен айналысатын компанияларға салынатын салық деңгейін көбейтуді ұсынды.
“Ірі кәсіпорындар және шикізат экспортымен айналысатын компаниялар қазынаға көбірек төлем түсірсе, әділдік болар еді. Бұл әлемде бар озық тәжірибе. Қазір елдегі жағдай түбегейлі өзгерді Әділетті Қазақстан дегеніміз – жалаң ұран емес, бұл – анық ақиқат. Алда атқаратын жұмыс көп. Біз бұған бір ел болып түгел атсалысуымыз керек”, – деп атап өтті Қ.Тоқаев.