Экономикалық зерттеулер институты мәліметінше, 2050 жылға қарай Қазақстанда миллион тұрғыны бар 5 қала болуы мүмкін, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
“2019 жылы барлық ірі қалалар, облыс орталықтары және Семей қаласы 2050 жылға дейінгі даму стратегиясын әзірледі. Олар кейіннен облыстар мен Республикалық маңызы бар қалалар мәслихаттарының сайттарында орналастырылды.
Қала стратегияларының құрылымында қалалар мен агломерацияларды жоспарлаудың барлық түрлері үшін негіз болып табылатын демографиялық болжам қарастырылған. Ең жақсы болжамдарға жүгінсек, 2050 жылға қарай миллионнан астам тұрғыны бар Республикалық маңызы бар үш қалаға Қарағанды мен Ақтөбе қосылуы мүмкін”, – деген болжамды Экономикалық зерттеулер институты телеграм желісінде хабарлады.
Сондай-ақ ЭЗИ мамандары айтылған қалаларда қандай өзекті мәселелер шешілу керектігін атап өтті.
“Бұл қалалардан коммуналдық, тұрғын үй, көлік инфрақұрылымы бөлігінде ғана емес, сонымен қатар жалпы қала тұрғындары мен қонақтары үшін қолайлы орта құруда өзінің кеңістіктік дамуын жақсартуды талап етеді. Бұдан басқа, қалалардың шеттерін, саяжай массивтерін және қалалардың айналасындағы ауылдық аумақтарды, олардың экономикалық орталықтармен көліктік байланысындағы проблемаларды шешу маңызды болады” – деп ескертеді ЭЗИ.