Ауыл шаруашылығы министрлігі тұқымдық бидайдан басқа бидайды 6 ай мерзімге автомобиль көлігімен Қазақстан аумағына әкелуге тыйым салуды ұсынды. Тиісті нормативтік-құқықтық актінің жобасы қазір талқыланып жатыр, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Бұл бастама соңғы бірнеше жылда бидайдың заңсыз әкелінуінен зардап шеккен қазақстандық астық пен ұн нарығындағы жағдайға байланысты туындады.
Салалық қауымдастықтардың деректері бойынша «сұр» импорттың көлемі жылына 1,5-2 млн тоннаға жетеді, ал мемлекетке келтірілген жалпы шығын жыл сайын 500 млн доллар мөлшерінде бағаланады.
Нарық қатысушыларынан алынған ақпаратқа сәйкес, контрабандалық астықтың қомақты үлесі автокөлікпен импортталады. Әкелінген бидай ҚҚС төлемей шаруа қожалықтарына және жасырын кері экспорт түрінде рәсімделеді, транзиттік тариф төлемей Ауғанстан мен Орталық Азия елдеріне жіберіледі. Бұл ретте ішкі нарықта бағаның төмендеуі байқалады. Мысалы, 2022 жылдың шілде айының басынан бастап бидайдың құны тоннасына 170-185 мың теңгеден 80-85 мың теңгеге дейін төмендеді.
Айта кеткен жөн, нарықты қолдау үшін 2022 жылдың қыркүйегінде астық экспортына барлық шектеулер алынып тасталған. «Қазақстан темір жолы» АҚ деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша астық баламасында 13,2 млн тоннадан астам астық пен ұн экспортталды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 46,7%-ға артық, оның ішінде 10 млн тонна астық бар. Бұл – ел тарихындағы ең жоғары көрсеткіштер.
Сонымен қатар статистика деректеріне сәйкес 2023 жылдың 1 наурызындағы жағдай бойынша отандық нарықта 10,4 млн тонна көлемінде астықтың оң балансы қалыптасып отыр.