ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі бүкіл ел бойынша егіс науқаны қалай жүріп жатқандығы туралы жазды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Министрлік мәліметінше, көктемгі егіс жұмыстары басталғаннан бері Қазақстанның оңтүстік өңірлерінде дихандар 311,4 мың гектар жерге егіс екті, оның басым бөлігі дәнді және жемшөп дақылдары. Жалпы, бүкіл ел бойынша 23,4 млн га жер егу жоспарланып отыр. Биыл дәнді, жемшөп, көкөніс және бақша дақылдарының егіс алқаптары ұлғаяды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы құрылымдарында 160 мың трактор, 5 мыңнан астам жоғары өнімді егіс кешендері, 78 мың сепкіш және 226 мың топырақ өңдеу құралдары бар.
Министрлік тарапынан көктемгі егіс науқанын өткізу үшін өңірлерге 413 мың тонна жеңілдікті дизель отыны бөлінген, бұл өткен жылғы деңгейден 13 мың тоннаға артық. Жанармай бағасы ақпаннан бастап сәуірді қоса алғанда белгіленген. Операторлардың шығыстарын ескере отырып, республика бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының орташа құны 204 теңге/литрді құрайды, бұл нарықтық бағадан 15-20% арзан. Бүгінгі таңда өңірлерге шамамен 163 мың тонна отын немесе жоспардың 44% жөнелтілді.
«Кен-дала» бағдарламасы бойынша көктемгі науқанды қаржыландыруға 140 млрд теңге қарастырылған, оған 3200-ден астам фермерді қамтып, 2 млн гектарға жуық алқапта егіс және егін жинауды қамтамасыз ету жоспарланып отыр. Аграрлық несие корпорациясы аталған қаражаттың бөлінуін күтпей, қолда бар ресурстар есебінен қаржыландыруды өткен жылдың желтоқсан айынан бастады. Қазіргі уақытта 149,7 млрд теңгеге 4133 өтінім келіп түсті.
Сонымен қатар, биыл үйірлі шегіртке зиянкестерімен күресуге республикалық бюджеттен 3,8 млрд теңге бөлінді.
Мамандардың болжамы бойынша шегіртке 1,6 млн га аумаққа таралуы мүмкін. Бүгінгі таңда 385,3 мың га алаңда пестицидтердің қажетті қоры қалыптастырылды.