Жамбыл облысында 200-ден астам педагог заңсыз жалақы алған, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Бұл қаражат негізінен мүмкіндігі шектеулі 225 баланы үйде оқыту үшін бөлінген. Бірақ мектеп мұғалімдері оларға мүлдем сабақ бермесе де жалақы жаздырып, алып келген.
Мұндай заңсыздық Жамбыл облысының 6 бірдей ауданынан анықталып отыр. Олардың ең көбі Байзақ ауданында.
Ондағы 26 мектептің 30-ға жуық мұғалімі өткізбеген дәрістері үшін 11 миллион 200 мың теңге жалақы алған.
Заң бұзушылықты прокуратура өкілдері анықтады. Осы іске қатысы бар делінген 253 білім саласының қызметкері жауапқа тартылды.