«Microsoft» корпорациясымен Қазақстан аумағында орналасатын мультиаймақтық хаб ашу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Бұл туралы Цифрлық даму министрі Бағдат Мусиннің және Microsoft-тың Қазақстандағы Бас директоры Сергей Лещенкомен екіжақты кездесуі барысында белгілі болды, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Хаб қызметі Орталық Азия, Әзербайжан, Армения, Грузия, Моңғолия және Пәкістан елдерін қамтитын болады.
Цифрлық даму министрі Бағдат Мусин Microsoft хабының ашылуы Қазақстанға аймақтық ауқымда технологиялар мен озық шешімдерді тарту орталығына айналуға мүмкіндік беретінін айтты. Сондай-ақ бұл хаб Microsoft корпорациясының технологиялық даму және инновациялар орталығы бола отырып, адами капиталды дамыту және ұлттық экономиканы нығайтудың драйвері бола алатынын атап өтті.
«Қазақстанда «Microsoft» аймақтық хабының құрылуының маңызы бар. Елдеріңізде тиісті инфрақұрылым бар. Біз қуана-қуана бірлескен жобаларды іске асырып, сіздермен жұмыс істегіміз келеді» – деп атап өтті Microsoft компаниясының Қазақстан бойынша Бас директоры Сергей Лещенко.
Айта кеткен жөн, өткен жылдың қыркүйек айында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың БҰҰ Бас Ассамблеясының Нью-Йорк қаласында өткен 77-сессиясына қатысу үшін жасаған сапары аясында «Microsoft» корпорациясының Орталық және Шығыс Еуропа бойынша бас директоры Мишель Симмонспен кездесуі өтті. Кездесу аясында одан әрі ынтымақтастық орнату, атап айтқанда, қазақстандық кеңсені өңірлік хабқа дейін кеңейту мәселелері талқыланды.
Наурыз айында Бағдат Мусиннің Кремний алқабына жұмыс сапары барысында Microsoft кеңсесінде Қазақстандағы кеңсені кеңейту перспективалары жайлы тағы да сөз қозғалды.