Өткен күндері Мәжіліс депутаты Гауһар Танашева атаулы әлеуметтік көмекті алып тастауды және оның орнына әр балаға 70 мың теңге көлемінде жәрдемақы бөлуді ұсынған:
“Қазақстан Халық партиясының фракциясы атаулы әлеуметтік көмекті алып тастау қажет деп санайды. Бұл жағдайда оларға төленетін жәрдемақының мөлшерін арттыру қажет. Әр балаға нақты көлемде, жұмсауға жеткілікті мөлшерде бірыңғай жәрдемақы төлеген дұрыс. Ең төменгі жалақы мөлшерінде әр балаға айына 70 мың теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы тағайындауды қарастыруды ұсынамыз. Мысалы, 4 балаға берілетін жәрдемақы – 280 мың теңге, 2 балаға – 140 мың теңге. Қазіргі уақытта 4 бала 55 340 теңге жәрдемақы алады. Әр балаға айына санағанда 13 826 теңге бөлінеді. Бұл әлеуметтік қолдаудың ақылға қонымсыз мөлшері. Мұнда инфлияцияның тұрақты өсуі, экономиканың тұрақсыз жағдайы, тұрғын үйдің жоқтығы және жұмыссыздық ескерілмеген” – деп дептутат ұсыныс жасаған.
Мәжіліс депутатының ұсынысына байланысты бүгін Премьер-министрдің орынбасары Алтай Көлгінов пікір білдірді.
“Жоқ, қазір ондай шешім қабылданбады. Депутаттардың ұсынысы берілді. Енді оны бірге талқылаймыз. Алайда мұқтаж азаматтарды көмексіз қалдырмауымыз керек. Бірақ жұмыс істегісі келетін адамдарға кәсіби қабілеті мен біліктілігін арттырып, оқыту керек болса, оқытып, жаңа жұмыс ұсынуымыз қажет”, – деп атап өтті А.Көлгінов.
Айта кеткен жөн, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәліметінше, биыл сәуір айына дейін 87 мың отбасындағы 456,7 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Жалпы осы мақсаттарға биыл бюджеттен 73,9 млрд теңге бөлінді.
Анықтама:
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады.
Осы жылдың 1 қаңтарынан бастап берілген кепілдендірілген әлеуметтік топтама көмектің табиғи нысанынан, монетизациялау форматына қосымша төлем түріне 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда 1,5 АЕК мөлшеріне (2023 жыл – 5175 теңге) ауыстырылды.
2023 жылғы 1 сәуірдегі жадай бойынша АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қоса алғанда – 137,3 мың балаларға қосымша төлем тағайындалды.
Қазіргі уақытта қазақстандықтар АӘК тағайындауға өтінішті тұрғылықты жері бойынша жұмыспен қамту орталығында, ауыл округінің әкіміне сондай-ақ egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы бере алады.