Қазақстан ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер арасында газбен қамту бойынша аутсайдер болып қала береді, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Қазақстанда көгілдір отынды небәрі 11,6 млн адам (немесе 59%) пайдаланады. Халықтың 38%-ы осы отынға қол жеткізген Қырғызстанда ғана жағдай бізден нашар.
Газ мәселесінде одақтағы басқа серіктестер әлдеқайда алда, дегенмен табиғи газ қоры бойынша Қазақстан Ресейден басқаның бәрінен алда.
145,5 млн халқы бар Ресей Федерациясының өзінде газдандыру деңгейі 73%-ға жетті.
Бұл бағытта импорт есебінен Беларусь алда. Ел тұрғындарының 97%-ы газбен қамтамасыз етілген. Армения ешқандай газ кен орындарының мүлдем жоқтығына қарамастан, газдандыру (96%) бойынша да жетекші елдердің бірі болып табылады.
Қазақстанда газды өндіру және экспорттау үздіксіз жүргізілгенімен, ішкі газ мәселесін шешуде ілгерілеушілік баяу. ҚР Энергетика министрлігінің статистикасы 2018 жылдан бастап газдандыру деңгейі 49,7%-дан 59%-ға дейін өзгергенін, динамикадағы қадам жылына небәрі 1-3 пайыздық тармақты құрайтынын көрсетеді. Тиісті ведомствоның жоспары бойынша, 2023 жылдың соңына қарай газға қол жеткізетін халық саны небәрі 160 мың адамға өсіп, 11,8 млн адамға (барлығы 60%) жетеді.
Дегенмен, 59% орташа көрсеткіш Қазақстанның әртүрлі аймақтарының газдандыру деңгейі бойынша қаншалықты ерекшеленетіні туралы түсінік бермейді. Еліміздің негізгі газ кен орындары батыста орналасқан, сондықтан бұл өңірлердің (Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстары) тұрғындарының барлығы дерлік көгілдір отынға қол жеткізе алады.
Көрсеткіштер оңтүстікте де жоғары: Алматы – 99,2%, Шымкент – 94,2%, Жамбыл облысы – 90,2%. Бұл 2023 жылғы 22 ақпандағы үкімет отырысында жарияланған Энергетика министрлігінің мәліметтері. Солтүстіктегі барлық аумақтар мұндай көрсеткіштермен мақтана алмайды: ең ірі газ құбырларынан (Бейнеу-Шымкент, Қазақстан-Қытай) неғұрлым алыс болса, соғұрлым газдандыру деңгейі төмен. Ал, көптен күткен, осыдан үш жыл бұрын салынып біткен “Сарыарқа” газ құбырының құрылысы да Орталық Қазақстанда бұл мәселесін әлі түбегейлі шешкен жоқ. Астана қаласын қамтамасыз ету, Энергетика министрлігінің мәліметі бойынша, 15,1% деңгейінде қалып отыр, Қарағанды және Ұлытау облыстарында бұл көрсеткіш небәрі 1,5% құрайды.