Кәсіпкерлер Президентке ұжымдық үндеу жолдады. Олар Болат Назарбаевтың адамдары тарапынан рейдерлік қысымға қалай тап болғанын баяндады. Бұл ретте кәсіпкерлер Алматы прокуратурасын басқыншыларды қорғап отыр деп айыптайды, деп хабарлады kazbusiness.kz.
Independ.kz алаңында ұйымдастырылған баспасөз конференциясында әрбір кәсіпкер өздері ұшыраған рейдерлік оқиғалар туралы айтып берді.
7 жылға сотталған кәсіпкер Алмас Әбдіғаппаровтың жұбайы – Ольга жаңа рейдерлік қысым болғаны туралы мәлімдеді. Оның айтуынша, қазір Esentai City тұрғын үй кешенінің 192 үлескеріне қауіп төніп тұр, олар компания ақшасының миллиардтап жымқырылу салдарынан әлі күнге дейін өз үйлерін ала алмай отыр.
Esentai city жобасында рейдерлік туралы қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталған. Алайда Ольга Бас прокуратураның қызметкері Темірлан Әділхановтың іс-әрекетіне назар аударуды сұрайды, ол 2023 жылдың 5 сәуірінде қамауға алу және бизнестің үлесін пайдалануға тыйым салу туралы шешім шығарған.
«Бұл әрекет заңсыз. Дәл осы үлестерді Қоспаевтың ОПГ-сы (Ұйымдасқан қылмыстық топ) рейдерлік жолмен басып алған. Яғни, тергеу рейдерлер жобаны одан әрі тонамауы үшін олар заңсыз жолмен алған үлестерді басқаруына және иелік етуіне тыйым салады. Ал қала прокуратурасы аталған қаулымен келіспей наразылық енгізіп, осылайша рейдерлерге өз сенімгерлері арқылы біздің жобаны одан әрі тонауға мүмкіндік береді. 192 үлескерге қауіп төніп тұр, олар ұрлық салдарынан әлі күнге дейін өз үйлерін алған жоқ», – деді ол.
О.Әбдіғаппарова Бас прокуратура қызметкері Әділхановтың мұндай әрекеттерін Бас прокуратураның ішкі қауіпсіздік департаменті тексеруі тиіс деп есептейді.
«Естеріңізге сала кетейін, Қоспаев әлі күнге дейін бажасы – Танашев Тимур арқылы біздің компаниямыздың 60%-дық үлесін иеленіп отыр. Жалпы, Қоспаева ОПГ-сы компаниямызға 4,6 млрд теңге шығын келтірді. Компанияда ұрлықтың басқа фактілері де тексеріліп жатыр», – деп түсіндірді ол.
Әбдіғаппарова рейдерліктен зардап шеккен бірқатар кәсіпкерлердің атынан Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтан жеке қабылдауын өтінді.
Өз кезегінде, «Marine club» туристік қонақ үй кешенінің иесі Елена Мельникова Қоспаев қылмыстық тобы тарапынан рейдке қалай тап болғанын айтып берді.
«Мен осы туристік кешеннің заңды иесімін, бірақ бүгінгі таңда маған оның тек 18%-ы тиесілі. 2021 жылы Ваня ағай лақап атымен танымал Йохан Новаковский бастаған бір топ рейдерлер – Шолин Руслан, Имашев, Кудряшова, Қоспаев Елдос, Кузнецов біздің бизнесіміздегі үлесімізді тартып алды. Қоспаевтың ОПГ-сы алдау жолымен және біздің өміріміз бен отбасымызға қауіп-қатерлер төндіру арқылы 82% үлесті иемденіп, бізден 360 000 доллар алды. Кейін бізді кешеннен лақтырып жіберді», – деді ол.
Бұл шағымға байланысты Қаржылық мониторинг агенттігі қылмыстық іс қозғаған. Бірақ Алматы прокурорының орынбасары Нұрлан Ауғанбаев рейдерлерді қолдай отырып, 2023 жылғы 4 сәуірде қылмыстық істі тоқтату туралы жазбаша нұсқау береді. Дегенмен, 10 ай ішінде тергеу басқыншылардың толық кінәсін дәлелдегенін Елена атап өтті.
Б.Назарбаевтың адамдары тарапынан жасалған рейдке шағымданған кәсіпкерлер қатарында Әзім Абдулаев те бар.
«Маған 3 рет рейд жасалды – 1999 жылы «Шалқар» шарап зауыты бойынша, 2013 жылы «Баха»” салтанат үйі бойынша, 2016 жылы «Алматы шыны» шыны зауыты бойынша. Рейдерлік Б.Назарабаевтың адамдары тарапынан болды. Мен Бас прокуратураға жүгіндім», – деді ол. Кәсіпкер күдіктілерді сырттай соттауды талап етеді.
Сондай-ақ «Qaz Orda Sauda» компаниясының иесі Тахир Гусейнов Президентке де жүгініп, оның бизнесіне жасалған рейд мәселесін шешуді сұрады.
Ұжымдық үндеуге «Profit trade Ltd» компаниясының иесі Рамин Гасымов та қосылды.