Қоғам белсенділері 732 млн теңгеден астам қаражатты ел бюджетіне қайтаруға көмектесті, деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Деректерге сәйкес, “Әділдік жолы” қоғамдық бірлестігі мемлекеттік сатып алу мониторингінің арқасында ел бюджетіне 732 104 506 теңгені қайтаруға ықпал еткен. Яғни, қоғам белсенділері мемлекеттік сатып алу барысын қадағалап, заңбұзушылықтарды уақытылы анықтап отырған.
Мысалы, Екібастұз қаласында ойын алаңдарындағы тренажерлер мен құмсалғыштар уәде етілгендей толық орнатылмаған. Мұны «Әділдік жолы» адамдары анықтағаннан кейін бюджетке 2,9 млн теңге қайтарылды. Сондай-ақ белсенділер «Қызылорда Су Жүйесі» сатып алу құжаттарындағы заңбұзушылықты зерттеп, 20 млн теңгеге сорғы сатып алғызбаған.
Петропавлда аудиттен кейін орындаушы 36,8 млн теңгені қайтарып берді, себебі ол ағаш кесу бойынша қызметін толық орындамаған. Ал Шымкентте қалалық перинаталдық орталықтың «қосымша» 58,6 млн теңге жұмсауына жол берілмеген.