2023 жылдың 6 наурызынан бастап қоғамдық орындарда бейәдеп, боқтық сөз айтқандарға айыппұл салатын заң күшіне енген болатын. Қоғамдық орында балағат сөз айтқандар 69 мың теңге айыппұл төлейді немесе 15 тәулікке қамалады.
Бұл заңның күшіне енгеніне екі айға жуық уақыт өтті. 6 наурыздан бері қанша әкімшілік іс қозғалды? Қанша адамға айыппұл салынып, қаншауы қамауға алынды? Nege порталы бұл сұраққа жауап іздеп көрген екен.
Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің жауабы төмендегідей:
«2023 жылдың 6 наурызынан 24 сәуіріне дейін Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 434-бабы бойынша 925 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды».
Осы аралықта 925 адам жауапқа тартылып, 566 адамға айыппұл салынған. Айыппұлдың жалпы көлемі – 27,5 млн теңге.
Заңда айыппұлдан бөлек 15 тәулікке қамау жазасы да қарастырылған. Белгіленген аралықтың ішінде 359 адамға қатысты әкімшілік қамаққа алу жазасы қолданылып үлгерген.
«ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабының санкциясы бойынша айыппұл және әкімшілік қамаққа алуға әкеледі. Қоғамдық жұмыс Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде көзделген. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы барлық статистикалық есептер ҚР ӘҚБтК-нің және ҚР ҚК-нің баптары бойынша қалыптастырылады және Комитеттің qamqor.gov.kz ақпараттық порталында «Құқықтық статистика» тарауындағы «Статистикалық есептер» бөлігінде ай сайын (тоқсан сайын) орналастырылады», –дейді ресми жауапта.