Елімізде көлік құрылысына қажетті бөлшек, жабдықтардың жалпы құны 23 миллиард доллар болса, соның тек 3,1 миллиард долларын отандық өнім қамтамасыз етеді.
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Қазақстан машина жасаушыларының XI форумында елімізде индустриаплизация мен экономиканы әртараптандыру және импортқа тәуелділікті төмендету жалғасатынын мәлімдеді.
“Өңдеу өнеркәсібінің локомотиві болып табылатын отандық машина жасау саласының дамуы Үкіметтің ұдайы назарында. Өткен жылы машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 9,4%-ға артса, ағымдағы жылдың 4 айының қорытындысы бойынша 36%-ға өсіп отыр”, — деді Әлихан Смайылов.
Машина жасау өнімдерінің Қазақстандағы ішкі сұранысы 23 млрд долларды құрайды. Бүгінде оның 3,1 млрд доллары ғана отандық өндіріспен қамтылып отыр.
Сондықтан импортты алмастыру есебінен машина жасау өндірісін ары қарай дамытуға күш салу қажет.
“Біздің алдымызда қолжетімді қаржы құралдарын ұсыну, жаңа технологияларды енгізу, жергілікті қамтуды ұлғайту және экспортты дамыту арқылы машина жасау кәсіпорындарының бәсекеге қабілеттілігін арттыру міндеті тұр”, — деп атап өтті Үкімет басшысы.