Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмысынан айырылу бойынша жоғалған табыстың 45%-на дейінгі мөлшердегі төлемді жұмыссыз ретінде тіркелген жұмыстан босатылған адамдар 1 айдан 6 айға дейін ала алады.
Төлемді алу үшін тиісті өтінімді жұмыспен қамту орталығы, халыққа қызмет көрсету орталығы, “Электрондық үкімет” порталы, Enbek.kz электрондық еңбек биржасы арқылы немесе тиісті SMS-хабарламаға жауап бере отырып, проактивті түрде беру қажет болды. Енді “Halyk” мобильді қосымшасының пайдаланушылары “Мемлекеттік қызметтер” бөлімінде де өтініш бере алады.
“Азаматтарға әлеуметтік-еңбек саласының қызметтеріне қол жеткізуді қамтамасыз ету бойынша жұмыс әр түрлі платформаларда тұрақты жүргізілуде. ЕДБ арқылы біздің алғашқы қызметтеріміз 2021 жылы қол жетімді болды. Олар “Бала тууға және бала күтіміне байланысты жәрдемақы тағайындау” және “Бала бір жарым жасқа толғаннан кейін оның күтіміне байланысты табысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем тағайындау”. 2022 жылы бұл тізім тағы 4 қызметке кеңейді. Жұмысынан айырылу бойынша өтінім беру – биылғы жылы іске асырылған екінші қызмет”, – деді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.