Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай комитет отырысында Қарсай ауданы Шамалған ауылындағы табиғи газ мәселесін көтерді. Kazbusiness.kz бұған дейін «Сигма-ГАЗ» ЖШС Шамалған ауылының тұрғындарын газ құбырынан ажыратып жатқанын жазған болатын.
«Сигма-Газ» шуы мәжілісмендерге де жеткен. Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің отырысында мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай Алматы облысы, Шамалған ауылында табиғи газдың ең қымбат тарифі тіркелгенін айтты.
– Алматы облысында Қарасай ауданы, Шамалған ауылынан екі аптадан бері хабарласып жатқандар бар. Алматы облысы, тіпті Қазақстанның өзінде табиғи газдың ең жоғары тарифі осы ауылда тіркелген. Тіпті, Алматының бай-манаптары тұратын ауданнан жоғары. Не әкімнің, не прокурордың сөзі өтпейтін, тарифті заңсыз қымбаттатқан монополис компанияның артында кім тұр? – деді депутат.
Енді бұл мәселеге депутат Мақсат Толықбай өзі кірісіп, ауыл халқына араша түсем деп отыр. Оның сөзінше, ел арасында бұл компанияның ресми басшысы қаңтар оқиғасынан соң шетелге қашып кеткен. Ал мекеме артында Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол тұруы әбден мүмкін.
– Ол әзірге нақты дәлелім жоқ. Бірақ тұрғындардың айтуынша, мұның артында Болат Назарбаевтың ұлы Нұрбол Назарбаевтың қатысы болуы мүмкін деп отыр. Жақында Шамалғанға ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитетінің өкілдерін апарып, бағаның негізсіз көтерілуінің себебін анықтап, мәселені толық зерделеуге бар күшімді саламын, – деді мәжілісмен.