Әлеуметтік желіде Алматы тұрғындары 178,5 миллион теңгеге салынған қоғамдық дәретханалардың жұмыс істемей тұрғанына наразылық білдірді деп хабарлайды kazbusiness.kz.
Facebook қолданушысы Любовь Улбашева бұл әжетханаларды Алматы қаласындағы сыбайлас жемқорлыққа арналған ескерткіштің бір түрі деп атады.
«Бір-екі жыл бұрын Алматыда халық көп жиналатын жерлерде (саябақтарда, базар маңында, т.б.) халыққа арналған қоғамдық дәретханалардың салынғандығы туралы ақпарат тараған болатын. Бұқаралық ақпарат құралдары нақты мекенжайларды жариялап, инсталляцияның бастамашылары Visit Almaty жігіттері екенін жазды. Тіпті, 20 әжетхананың сметалық құны да жарияланды – 178,5 миллион теңге (бұл 1 дәретханаға 9 миллион теңге дерлік!!!). Бұқаралық ақпарат құралдары дәретханаларда жылыту болатынын, суды жылытуға арналған қазандықтар, қол жуғыштар, қол кептіргіштер, сабын салғыш және т.б. орнатылды деп болжады. Алайда бірнеше жыл өтсе де бұл санитарлық-гигиеналық бөлімшелер қала тұрғындары мен қонақтарына есігін айқара ашқан жоқ…», – деп жазды тұрғын.
Оның айтуынша, блогерлер мен журналистер бұл мәселені көтергеннен кейін қала билігі дәретханалар 2022 жылы қалалық коммуникацияға қосылған бойда міндетті түрде жұмыс істей бастайды деп уәде еткен.
Алайда, жақында 2023 жылдың ортасы болады, әжетханалар жұмыс істемейді. Мәселен, Шалов көшесіндегі (Пятницкий көшесінің қиылысы, солтүстік-батыс жағы) дәретхананың жұмыс істеу белгісі жоқ.
Миллиондаған ақшаның желге ұшып, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кеткенін айтып ашынған жұртшылықты еститін құлақ болса дейміз.