Қазақстанда баспана жалдау құны 30 пайызға қымбаттаған. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, жалға берілетін ең қымбат пәтерлер – Көкшетауда, яғни, қаладағы үйлерді жалға алу құны бір жылда бірден 51,1 пайызға өскен, деп хабарлайды Kazbusiness.kz тілшісі “Информбюро” ақпараттық бағдарламасына сілтеме жасай отырып.
Арна тілшісінің сөзінше, Петропавлда – 48 пайызға, Алматы қаласында – 45,4 пайызға, Қостанайда 45 пайызға көтерілген. Ал тұрғын үй нарығындағы мамандар бағадағы өзгерісті халықтың ауылдан қалаға көшуімен байланыстырады. Айтуларынша, қала халқының саны өскендіктен жергілікті билік баспана салып үлгере алмай жатыр. Жалға берілетін үйлердің қымбаттағанын қатты сезінген Петропавл тұрғындары аз жалақыға пәтер жалдап тұру қиын дейді.
Жадыра Қарапаева бала-шағасын ата-әжелерінің жанына қалдырып, жолдасы екеуі жұмыс іздеп ауылдан қалаға көшіп келген. Басында баспаналары болмағандықтан қазір екеуі бір бөлмелі пәтердің өзін айына 100 мың теңгеге жалдайды.
“Қазір балаларымыз ауданда. Үй тар болғандықтан оларды қасымызға әкеле алмаймыз. Кем дегенде екі бөлмелі пәтер керек. Ал жалдамалы пәтер шарықтап тұрған кезде өз баспанаңа қаражат жинау мүмкін емес. Тіпті жер үйлердің өзі қымбат”, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Жадыра Қарапаева.
Қаладағы студенттер де қымбат бағаға пәтер жалдап тұруға мәжбүр. Өйткені жоғарғы курстар студенттеріне жатақханада орын тапшы. Абылай Құрмаш үш досымен бірге екі бөлмелі баспананы алған. Бар-жоғы 46 шаршы метрді құрайтын пәтер үшін айына 140 мың теңге төлейміз дейді. Жалдауға шәкіртақысы жетпейтіндіктен оқудан бос уақытта жұмыс істейді.
“Петропавлда пәтердің құнын тым шарықтатып жіберген. Тіпті кейбіреуінің бағасы өзіне сай емес. Ескі пәтерлердің өзіне әкесінің құнын сұрайды. Отбасыларға ғана емес, студентерге де қиын”, – деді Абылай Құрмаш.
Риэлторлардың айтуынша, былтыр Ресейдегі мобилизация басталғаннан кейін жалға алу құны екі есе шарықтаған баға қайта төмендемеген. Оның үстіне халықты қолжетімді баспанамен, студенттерді жатақханамен қамтамасыз етпейінше жалдамалы пәтерлерге сұраныс арта береді дейді. Және ауылдық жерлерде жұмыстың жоқтығынан халықтың қалаға үдере көшуі де үй нарығындағы жағдайды өзгерткен.
“Қалаға келген адам ауылдағы үйін сата алмайды. Сосын қаладан үй ала алмайды. Сондықтан пәтер жалдап тұруға мәжбүр”, – дейді тұрғын үй сату саласының маманы Елена Бурдова.
Айта кетейік, қазір бір бөлмелі пәтердің құны Қостанай, Петропавл қалаларында 100 мыңнан басталып 120 мың теңгеге дейін барады. Көкшетау мен үш ірі мегаполисте 120-130 мыңнан басталып, 150-170 мың теңгеге дейін жетеді. Ал сарапшылар алдағы уақытта баға өспесе, төмендемейтінін айтады.