Қаржылық мониторинг агенттігі Қазақстанның үш қаласында қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен бірнеше адамды ұстады деп хабарлайды Kazbusiness.kz.
Қаржы пирамидасын ұйымдастырғандар азаматтарды тарту үшін криптовалютаға инвестиция жасауды желеу еткен.
MetaGo» деп аталатын жобаны Жезқазған, Алматы және Астана қалаларының 4 тұрғыны ұйымдастырған. Криптовалютаға инвестиция жасауға уәде берген олар 600-ден астам адамнан 124 миллион теңге алып үлгеріпті.
“Жезқазған, Алматы және Астана қалаларының 4 тұрғыны “MetaGo” жобасы бойынша криптовалютаға инвестиция тарту желеуімен Жезқазған қаласының аумағында қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Алдын ала мәлімет бойынша, олар 600-ден астам адам және 124 миллион теңгеден астам салымшылар қаражатты тартқан”, – делінген хабарламада.
Аталған тұлғаларды прокуратураның үйлестіруімен және Қаржылық мониторинг агенттігінің талдау бөлімшелерінің әрекеттесуімен Ұлытау облысы бойынша департаментінің қызметкерлері анықтады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. ҚР Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабының тәртібінде өзге ақпарат жария етуге жатпайды.Қазір қаржы пирамидасын құрды деген күдікке ілінгендер қамауда отыр.